"Баланы құмар ойынға тәуелді етеді": Депутат көшеде тұрған "Хватай-ка" ойын автоматтарына қарсы шықты

Фото: overclockers
Сенаторларды түрлі жұмсақ ойыншықты кранмен іліп ойнайтын автоматтар алаңдатып отыр. Депутат Ғалиасқар Сарыбаевтың пікірінше, мұндай автомат баланы жастайынан құмар ойынға тәуелді болуға әкеледі. Сенатордың сөзін сала мамандары да қолдап отыр. Олар жасөспірімдер арасында бұл автоматтарға қызығушылық артқанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сауда орындары мен көшелерде тұрған аталмыш ойын құралдарын реттеудің жолы да жоқ екен.
“Кран немесе "ұстап ал", "хватай-ка" деп аталатын автоматтың көбейгені алаңдатады. Олар білім, спорт, дамыту орталықтарының, әлеуметтік нысандардың маңына және де ата-анасыз балалар өзі кіре алатын сауда ғимараттарының ішіне көптеп орналастырылған. Балалар мен жасөспірімдер мектеп асханасына, жол ақысына немесе күнделікті қажеттіне арналған ақшасын осы автоматтарға жиі жұмсайтыны туралы ата-аналар мен ұстаздар тарапынан көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл отбасында жанжалға, материалдық шығынға, балалардың бір-бірін бопсалауға әкелуде. Балаларда дофаминнің жылдам бөлінуі, ойнай берсем деген ниеті, жеңісті күту иллюзиясын тоқтата алмай, ол тәуелділікке әкелетін мінез қалыптастырады”, – деді Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.
Ілияс Меделханның ойын автоматына құмары шамамен бір жарым жыл бұрын басталып, әлі күнге дейін арыла алмай жүр.
“Осы апаратта ойнап жүргеніме бір жарым жылдан асты. Жалпы, бұл үлкен соманы талап етпейді, бірақ басында 100 теңге, 200 теңге салғаныммен, ертең көп ақшам кетіп қалғанын түсінбей жатамыз. Басында, иә, болады, бір саласың, екі саласың, одан кейін азартқа кіресің. Мұның өзін жасайтын адамдардың да схемасы бар. Басында кейбіреуі ұтқызса, келесіде ұтылғызып та жатады. Кемінде, бір аптада, бір күнде ойнасақ та, 12 мың, 15 мың теңге көлемінде салып жібереміз”, – деді ол.
Психологтар бұл автоматтар әуелі ішкі құмарлықты оятып, кейін лудоманияға дейін жеткізеді дейді.
“Бұл кішкентай батырмамен бір жеңіп алам деген адамның іштегі бір ләззатын, эмоциясын оятып, оңай нәтижеге жетем деп ойлайды. Ала алмай қалса, одан сайын құлшынысын арттырады. Содан кейін жауапкершілік алудан, ішкі тәртібі құлдырай бастайды. Адамды тәуелділікке лудоманияға сол кезде алып келу мүмкін. Өйткені баланың миында "бұл әлемде бәрі оңай, бір батырмамен келе салу керек, барлығы маған беру керек" деп, жауапкершілігін ұмытады”, – деді психолог Жасұлан Сейтқалиев.
"Хватай-ка" деп аталатын аппараттардың жұмысын мұны реттейтін арнайы ереже де жоқ екен. Ойынның қай санатына да жататыны белгісіз.
"Ойын бизнесі туралы" заңының 6-бабының 1-тармағына сәйкес лицензиялауға жататын қызмет: казино, ойын автоматтар залы, букмекер кеңсе, тотализатор. Ал "Хватайка" ойын автоматтары Қазақстан заңнамаларымен реттелмеуіне байланысты жекеменшік жерде автомат орнату заң бұзуға жатпайды”, – деп мәлімдеді Алматы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы сауда бөлімінің бас маманы Арман Айтбеков.
"Тарифтер өсіп, мобильді аударымдарға бақылау күшейеді": 1 сәуірден бастап Қазақстанда не өзгереді
Сәуір айында болатын өзгерістерге шолу жасадық
Полиция бастығының қызы Олжас Сүлейменовтің немересін қалай қағып өлтірді: Қазақстандағы тағы бір атышулы жол апатын еске түсірейік
Үйленуді жоспарлап жүрген Ескендір Сүлейменов 26 жасында өмірден өтті