"Көп мөлшерде құсық қалған": Жолаушылар Fly Arystan әуе компаниясын ұшақта тазалау жұмыстарын жүргізбеді деп айыптады

Оқиға 1 ақпан күнгі рейсте болған. Ерлі-зайыпты 9 айлық баласымен бірге Астанадан Алматыға ұшқан. Олар ұшаққа мінген соң жағымсыз иісті сезген. Жарық жағып қарағанда алдыңғы орындықтың астынан құсықты байқаған. Әйел ұшақты ұшпай тұрғанда тазаламаған деп, Fly Arystan әуекомпаниясына шағымданып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жағдай қалай болды?
Жолаушы әйел құсық алдымызда отырған адамдардікі емес дейді. Ол оқиғаны желіде баяндады.
"Мен ешқашан ешқайда шағым жазбаппын. Бірақ осы жолы шағымданбау мүмкін болмай тұр. 1 ақпан күні 04:40-та біз Fly Arystan компаниясының FS 7054 рейсімен Астанадан Алматыға ұштық. Жолаушылар: Мами Ғибырат (4D), Мадина Бақытжанова және 9 айлық Ясина Ғибырат (4E).
Ұшақ биікке көтеріле бастағаннан көп ұзамай салонда өткір әрі жағымсыз иіс пайда болды. Жарық бәсең болды, сондықтан бастапқыда иістің себебін түсіне алмадық. Телефон шамын жағып қарасақ, алдыңғы орындықтың арқалығынан менің жұбайыма, балама және еденге көп мөлшерде құсық төгілгенін байқадық. Сұйықтық киімге сіңіп кеткен, өте жағымсыз, сасық иіс шығып тұрды. Құсық біздің 9 айлық баламыздың киіміне, тіпті оның бөтелкесінің сыртқы бетіне дейін тиген. Атап өтетін маңызды нәрсе – бұл із осы рейс кезінде алдымызда отырған жолаушыға тиесілі емес еді", – деп шағымданды жолаушы Мадина Бақытжанова Threads-тегі жазбасында.
Компанияның өзі не дейді?
Жолаушының бұл шағымына Fly Arystan компаниясы пікір қалдырды. Компанияның сөзінше, жолаушылар мінбей тұрып тексеріс жүргізілген, алайда ешқандай иіс пен құсық анықталмаған. Ал жолаушылар шағымданған кезде керек майлықтар ұсынылған.
"Ұшу барысында осындай жағдайға тап болғаныңызға шын жүректен өкініш білдіреміз. Ұшақ ұшар алдында бортта жоспарлы тазалау жұмысы жүргізілген. Сонымен қатар жолаушыларды отырғызардың дәл алдында бортсеріктер орындықтардың қалталарында бөгде заттар бар-жоғын тексерген. Тексеру кезінде ешқандай сұйықтық немесе өзге де заттар анықталмаған. Жолаушы тарапынан шағым түскен бойда бортсеріктер дереу келіп, қажет көмекті көрсетіп, құрғақ әрі спирттік сулықтар ұсынған. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және кері байланыс бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз", – делінген Fly Arystan әуекомпаниясының жауабында.
Желі қолданушылар қандай пікір білдірді?
Дегенмен оқырман әуекомпанияның бұл жауабына қанағаттанбады. Мұндай жауап керісінше сұрақ туындатып отыр десті.
"Онда мынадай сұрақ туындайды: "тазалау жүргізілгеннен" кейін ұшақ көтерілгенде жолаушылардың үстіне, оның ішінде балаға да қалайша құсық төгілді? Жоспарлы тазалаудың арты мұндай болмауы керек еді ғой. Бұл – ақталу емес, санитарлық нормалардың өрескел бұзылғанының дәлелі. Жолаушыларға мұндай көзқарас танытуға мүлде жол берілмеуі керек", – деп пікір білдірді қазақстандық.
Кейбірі сапар кезінде бәрі тазалықты сақтай бермейтінін айтып, шағымданды.
"Әрине, кейде адамдар өте лас болады. Ұзақтығы бір сағаттан асатын рейсте әжетханаға кіріп қалсаң болды, бәрі лас, су болып тұрады. Кейбірі тіпті әжетханада өзінен кейін суды да ағызбайды. Салон кір, қоқыс болып, еденде тамақ жатады. Құсып қойсаңыз, пакетін қоқысқа тастамайсыз ба? Қандай жиіркенішті. Бұл недеген адамдар өзі?" – дейді желі қолданушы.
Қазақстандық қария 67 жылдан кейін бауырымен қауышты: Олар бір-бірін TikTok арқылы тапқан