"Екі жасар баламды "кішкентай Бишімбаев" деп, балабақшадан шығарып жіберді": Елордалық тұрғын әкімге шағымын жеткізді
Қала әкімімен кездесуде елордалық тұрғындардың бірі әкімге екі жасар баласы балабақшада әлеуметтік буллингке ұшырағанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: animago.world
“Біз жеке балабақшаға баруға мәжбүрміз. 2024 жылғы тамыз айынан бастап ұлым жеке балабақшаға бара бастады. Өткен жылы 26 қыркүйекте ата-аналармен келіспеушілік болды. Салдарынан менің екі жасар баламды ешқандай ресми рәсімдерсіз балабақшадан заңсыз шығарып жіберді. Айта кетері, мекеме әкімшілігі тарапынан әлеуметтік буллинг белгілері бар әрекеттерге жол берілді, яғни баламды әлеуметтік буллингке ұшыратты. Олар баламды тәртіпсіз, озбыр, тіпті “кішкентай Бишімбаев” деп атауға дейін барды”, – деп жеткізді шағымын Астана тұрғыны.
Ол прокуратураға, білім беру органдарына және полицияға арыз жазғанын, бірақ жеке балабақша болғандықтан ешкім іс қозғамағанын баса айтты.
Қала басшысы Жеңіс Қасымбек бұл істі бақылауға алатынын айтты.
“Бұл балабақшаны әріптестерім тексереді. Сіз келтірген фактілер расталса, олар жауапқа тартылады”, – деді әкім.
Еске салсақ, бұған дейін оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектептегі балалар арасындағы буллинг себептеріне қатысты пікір білдірген еді. Еділ Оспанның айтуынша, мектептердегі буллингке гаджеттер мен ата-аналардың балаларды жеткілікті деңгейде бақыламауы себеп болып отыр.