Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауруханаға апара жатқанымда тамыры соқпай қалды": Қаржаубай Нұрымов сотта Шерзаттың қандай күйде қаза тапқанын айтты

Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтан жауап алып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Қаржаубай Нұрымов өз сөзін Шерзат қаза болған күннен бастады, қайғылы жағдайдың қалай болғанын айтып берді. 

“Дүкенді жалға алып, жұмыс істедік. Оның істеп тұрғанына 2 ай болды. Ал ет дүкенінде Нұрқанат жұмыс істеп тұрды. Дүкен түнгі сағат 23:00-ге дейін істейтін, кейде түнгі сағат 1-2-ге дейін істейтін. Кешкі уақытта мен, Нұрқанат, қарындасым отыратын. Оқиға 3 қазаннан 4-іне қараған түні болды. Сол күні кешке 21:00-22:00 арасында дүкенде отырдым. Әскентай Дархан келіп, екеуміздің арамызда ұрыс-керіс болған жоқ. Сол аралықта ол сыра сұрады. Мен сағат 23:00-ден кейін сыра сатпаймыз дедім. Кейін өтініш жасаған соң бердім. Ол маған түбіртекті WhatsApp арқылы көрсетті. Сосын ақшаны кімнен түскенін көрсетіп, екеуміз келістік. Тыныш қана кетті”, – дейді Нұрымов. 

Қаржаубайдың сөзінше, Дархан Әскентай мен Шерзат екеуінің арасында жанжал болған. Ол Әскентайдан кешірім сұраса да, балаң денсаулығын қойып тастайды деп айтқан.

“Сол аралықта Шерзат келді. Ол қуаттағышын дүкенде қалдырып кетіпті. Дүкенде неге жүрсің дедім? Ол “Ахмет кетеді, дүкеннен сусын алып, шығарып салып кетеміз” деп айтты. Сол кезде Дархан маған бір-екі дөрекі сөздер айтқан соң балам дұрыс түсінбей қалған. Дархан шықты. Оның соңынан Шерзат кетті. Терезе ашық тұрған соң екеуінің арасында дөрекі сөздер болып жатыр екен. Сыртқа шығып, баламды ұстап, Дарханның бетін жуып, кешірім сұрадым. Жүр ауруханаға апарайын сені, емдеп берейін, дедім. Жездеңе хабарласайын, сөйлесейін, дедім. Ол маған, “кешірмеймін, балаң жауап береді, денсаулығын қойып тастайды” деп айтты. Өзің де боқтадың ғой, шешесін неге балағаттайсың дедім. Ол жігіттерді шақырамын деп айтты. Дархан дүкеннің артына кетті. Мен үйге хабарласып, Нұрқанатты шақырдым”, – дейді Қаржаубай. 

Қаржаубай Нұрымовтың сөзінше, сотталушылар дүкенге келіп, “Хутор” бандасынан екенін айтқан. 

“Нұрбол деген адамды шақырды. Нұрбол мас екен, жанында кәмелет жасына толмаған бала болды. Ол келіп сөйлесті. Балама кесірі тимесін деп, “мен ұрдым” дедім. Олар “бізді білмейсіңдер ме, “Хутор” бандасының баласымыз деп айтты. Олар Дархан жетім бала, неге ұрасыңдар, деп айтты. Сосын тыныш кеткен. Бір уақытта қайта келді. Нұрбол төлем жасап, кассаның ішіне өтіп кетті. Менімен дөрекі сөйлесті. Нұрболға жаман сөз айтқаным жоқ. Дүкенде тұрған, май кесетін пышақты алып шықтым. Дархан Нұрболға дұрыс емес ақпарат айтып тұр. Ол “сыра ішіп тұрсам, жас бала өзімен өзі ұрды” деп айтты. Балам “папа болды қойыңыз” деген соң пышақты ішке апарып қойдым. Жасөспірім балаға бәрін түсіндірдім. Ол бәрін түсіндіріп айтты. Сосын олар кетіп қалды”, – дейді Нұрымов. 

Нұрымовтың айтуынша, сотталушылардың бірі Равиль мен Нұрқанаттың арасында бұрын жанжал болған екен. 

“Олар қайта айналып келді. Көлік тұрағына сарғыш түсті Hyundaі Accent көлігі, Golf, Mercedes және Chance көлігі келді. Бірінші Равиль келді. Нұрбол, Дархан және жасөспірім кеткен соң өзіміз дүкенде жағдайды талқылап, баламды көлікке мінгізіп, үйге қайтарып жібердім. Дидар деген жасөспірім төбелес ішінде болды, бірақ нақты қандай іс-әрекет жасағанын айта алмаймын. Бұрын Нұрқанат пен Равильдің арасында төбелес болған екен. Көкпарда олар салық салып, Нұрқанатты ұрып кеткен екен. Сосын ол мәселені өзара шешкен екен. 

Жігіттер шығыңдар дүкенді жабамын деген едім, соққы тиді, Ахметтің дауысы шықты. Мен пышақ алып шықтым. Себебі олар “Хуторскиймыз” деген соң, шошып қалдық. Себебі олар сөзге келмейді, бірден өлтіріп кетеді. Есікке жақындаған кезде екі қызбен бірге жақындап келді. Мен шыға бергенде Азамат тепті. Шыңғыс пышағын шығарды. Шыға бергенде Дархан ішіп тұрған бөтелкесімен бетімнен ұрды. Есеңгірегенде Азамат жауырынымнан ұрды. Шыңғыс соңымнан қуып келіп, пышақпен жауырынымнан ұрды. Сол кезде мылтықтың дауысы шықты. Сол сәтте жас балаларға қашыңдар дедім. Бір қарасам Нұрқанат Ахметті төбелестің арасынан шығара алмай жатыр екен. Сол сәтте Шерзат Нұрбол және Нұрқияспен төбелесіп жүр екен. Бірақ Абзалдың пышақ тығып алғанын көрмей қалдым”, – деді марқұмның әкесі. 

Марқұмның әкесі Шерзаттың жерде жатса да біраз сөйлеп жатқанын көргенін айтты. 

“Шерзат қуыстан жүгіріп келгенде Нұрқияс Ахметті ұрып жатты. Мен екеуінде ғана пышақ бар екен деп ойладым. Қарасам Нұрқияс пен Абзал Шерзаттың анасының қолынан ұстап тұр екен. Мен шегінген кезде Шыңғыс пен Азамат Шерзатқа қарай жүгірді. Ол кезде Шерзат айқайлады “папа, Нұрқанат аға, маған бірдеңе тығып алды” деп айқайлады. Сөйтсем пышақ тығып алыпты. Бір уақытта Шерзат құлады. Сол кезде Нұрқияс мылтықпен ұрған. Ал балам сол кезде сөйлеп жатқан. Ал әйелім баламызды қорғап, ұрғызбай жатты. Өтінемін ұрмаңыздаршы, деп сұрады. Шерзат анасына “бірдеңе тығып алды, ауырып тұр” деп сөйлеп жатты балам. Соған қарамай Нұрқияс арқасынан ұрды”, – дейді Қаржаубай. 

Қаржаубай Нұрымов жанжал арасында болған адамдардың есімін нақтылап атап өтті. 

“Нұрқияс, Шыңғыс, Абзал, Нұрбол, Равиль, Дидардың арашалап жатқанын, не ұрып жатқанын түсінбедім. Равильдің қолынан пышақ көрдім. Алғаш пышақ шығарған Азамат пен Шыңғыс. Маған Нұрболдың қалтасын қайта-қайта ұстап тұрғаны күдікті көрінді. Ол кезде ес түссіз қалып қойдым. Екеуін өлтіріп тастады деп ойладым. Көршілер шыққан кезде балалар қаша бастады. Көлікті оталдырып келіп қарасам, жүрек қағысы болды. Көлікке жалғыз өзім салдым. Екеуі де қансырап жатты. Нұрқанаттың арқасына, Шерзаттың аузы мен арқасынан қан ағып жатты”, – дейді Қаржаубай. 

Сондай-ақ Нұрымов баласын көлікке салып әкетіп бара жатқанда орындықтан құлап кеткенін айтты. 

“Көлікті қатты айдағанда балам орындықтан құлап кетті. Сөйтсем жаны шығып кеткен екен. Оған реанимациялық шара жасап, ары қарай ауруханаға алып кеттім. Көлікке салғанда тамыры соғып тұрды. Сосын мен ашуланып жалғыз өзім Хуторға бардым. Нұрбол көлікке мініп қашты. Оны өзім қудым. Оны полиция ұстай алмай жүр екен. Нұрбол көлікпен сай-саладан қашты”, – дейді марқұмның әкесі. 
Талқылау