Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балалық шақта айырылған бауырлар 54 жылдан кейін Оралда қайта табысты

Фото: Видеодан скрин

Орал қаласында балалық шақта айырылған төрт бауыр 54 жылдан кейін қайта табысты. Анасы қайтыс болған соң балалар үйлеріне бөлініп кеткен оларды жылдар бойы іздеген үлкен ағасы ақыры отбасын қайта қосты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аstanatv.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Анасы қайтыс болғаннан кейін төрт бала әртүрлі балалар үйлеріне жіберілген. Үшеуі Ақтөбеге, ал кенжесі Оралға орналастырылған. Сол кезде кішкентай Аманбек есту және сөйлеу қабілетінде ақауы болғандықтан, арнайы әлеуметтік интернатқа түскен. Жылдар өткен соң үлкен ағасы бауырларын табуды мақсат етеді. Ол алдымен бауыры мен қарындасын тауып, байланыс орнатады. Алайда Аманбекті іздеу ең қиын болған. Себебі ол басқа фамилиямен тіркелген әрі әкесінің аты көрсетілмеген.

Ағасы оны табу үшін "Жди меня" бағдарламасына жүгініп, әлеуметтік желілер арқылы да іздеген. Дегенмен ұзақ уақыт нәтиже болмаған. Ақыры, барлық тексерулерден кейін бауырлар бір-бірін тауып, жүздесті.

Қазір Аманбек 57 жаста. Денсаулығына байланысты ол 40 жылдан астам уақыт бойы Орал қаласындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып келеді. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, ол әрдайым бауыры бар екенін айтып жүрген.

Аманбектің ағасы Жетпісбай Қасмұхановтың айтуынша, бауырларын табу оның көп жылғы арманы болған.

"Қазір бауырларыммен кездесіп, қуанып жүрміз. Мен інімді ешқашан тастамаймын, қалған өмірін жанымда өткізсін деймін. Бізді айырғанда мен небәрі 9 жаста едім. Әскерден келген соң бәрін іздеуге бел будым. Ең қиыны Аманбекті табу болды. Оның тегі басқа, әкесінің аты да болмаған", – деді ағасы Жетпісбай Қасмұханов.

Іздеу барысында алаяқтар да кездескен. Бір адам өзін Аманбектің ұлымын деп таныстырып, жерлеуге ақша сұраған. Сол себепті туыстықты растайтын құжаттар мұқият тексерілген.

Оралдағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Арман Дәулетовтің айтуынша, Аманбектің денсаулығында есту және сөйлеу бойынша қиындықтар бар.

“Аманбектің естуінде, сөйлеуінде қиындықтары бар. Бірақ ол бізге үнемі бауыры бар екенін айтатын. Қазір туыстарымен күн сайын сөйлесіп жүр. Кеше отбасымен кездескенде өте бақытты болды", – деді Арман Дәулетов.

Аманбектің досы оның бала кезден туыстарымен қауышуды армандағанын айтады. Қазір ол болған жайтқа әлі де сене алмай жүр.

"Туыстары табылғанына ол, әрине, қатты қуанды. Маған жаңа сағатын да көрсетіп жүр. Оны туыстары сыйлапты. Өзі өте мейірімді, бәріне көмектеседі. Туыстары байланыста болып, келіп тұратынын, тіпті үйіне алып кететінін айтты", – деді Вадим Кудюков.

Қазір бауырлар телефон арқылы тұрақты сөйлесіп тұрады. Жақын уақытта туыстары Аманбекті өз үйіне алып кетуді жоспарлап отыр. Қайта табысқан отбасы өткен жылдардың орнын толтырып, бірге уақыт өткізуді қалайды.



Еске салайық, бұған дейін 2025 жылғы 28 тамызда Орал әуежайында анасы мен қызы алғаш рет қауышты. 2000 жылы Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Қарлығаш кесарь тілігі арқылы босанғаннан кейін дәрігерлер оған сәбиі шетінеп кеткенін хабарлаған. Ерлі-зайыптыға басқа нәрестенің денесі беріліп, олар қыздарын жерледік деп ойлаған. Алайда жылдар өткен соң перзентхана қызметкерлері тірі туған баланы шетелдіктерге сатып жібергені белгілі болды. 2024 жылы анасына АҚШ-тан хабарласып, қызының тірі екені анықталды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 09:46