Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалы болғым келмейді": Шымкенттік тұрғын саналы түрде әке атанудан бас тартқан

Сағын Қалдыбеков саналы түрде әке болудан бас тарттыФото: Видеодан скриншот

Шымкент қаласының 38 жастағы тұрғыны Сағын Қалдыбеков балалы болғысы келмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Қазір айтайық” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сағын Қалдыбеков негізінде өте балажан адам екенін айтты. Оның сөзінше, адам әртүрлі себеппен “чайлдфри” болады, оның шешімінің де өзіндік себебі бар.

“Чайлдфри болатын адамдардың себебі көп. Біреу балаларды жек көргендіктен балалы болудан бас тартады, бірақ менде керісінше, мен өте балажан адаммын. Балажан болғаным соншалық, баланың тазалығы дұрыс болмаса, бір жеріп ауырып тұрса, ал оған ата-анасы қарамаса, мен “Бала деген аманат, оған дұрыстап қараңдар” деп айтып, ескертіп тұрамын”, – деді ол.

Оның айтуынша, бала оның жеке миссияларын толық жүзеге асыруға кедергі келтіреді, сондықтан ол күші мен уақытын балаға емес, өзіне арнауды жөн көреді.

“Менің өмірде көргенім, түйгенім бар, оған қоса бес жылдай шетелде тұрдым. Біз сияқты ойламайтын халық, баласыз да бақытты, ұзақ ғұмыр кешіп жатқан адамдар бар екен. Мен оларды өз көзіммен көрдім. Неліктен бала қаламайсың деген сұраққа өз жауабым бар. Егер мен бар күшімді, уақытымды, энергиямды балаға жұмсайтын болсам, алдыма қойған жеке миссияларым орындалмай қалады. Менің миссиям еліме қызмет ету, ал уақытым шектеулі”, – деді ол.

Шымкенттік өзіне “Артыңнан ұрпақ қалдырғың келмей ме?” деп сұрақ қоятындарға жауап берді.

“Бұл сұраққа Абайдың оныншы қара сөзі арқылы жауап берейін. Абай біздің адамдар артынан ұрпақ қалдырғысы келеді дейді, бірақ не үшін қалдырады дейді. Оның негізгі екі себебін айтайын, өлсем, артымнан құран бағыштасын, дегенмен ұрпағың артыңнан құран бағыштай ма, жоқ па, ол белгісіз дейді. Егер сен елге, жұртқа қызмет етсең, жақсылығың сіңген болса, онда кім сені батасына қоспайды дейді. Екіншіден, артыңа қалдыратын ұрпағың саналы бола ма, санасыз бола ма дейді”, – деді ол.

Ер адамның таңдауы желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Кейбір қолданушылар әр адамның өз таңдауы барын, айналасындағылар оны сыйлауға тиіс екенін жазса, енді бірі адамның бұл өмірдегі миссиясы – ұрпақ қалдыру екенін жазған.

“Ешкімнің өмірге деген көзқарасына пікір айтуға құқығымыз жоқ деп ойлаймын. Қалағаны осы болса, ол өз таңдауы деп қабылдау керек. Ең бастысы баласын туғызып, тастап кетіп жатқан жоқ қой”, “Баланы туғызып, тастап кететін еркектен артық сияқты”, “Алла адамды көбейіңдер деп жаратқан. Әлемге пайдаң тисін десең, із қалдырар пайдалы ұрпақ тарат демей ме?”, “Жауапкершіліктен қорқып отырып, елге қызметті қалай жасап жүр”, “Артынан ұрпақ қалмаса, не үшін өмір сүресің?”, “Баланы туғызып, оның тәрбиесін жетістіре алмай жүргендер қаншама. Бұл азамат өте терең ойлана білген екен. Балаларға жақсылықты былайда жасап жүрген көрінеді”, “Қартайғанда өкінерсің әлі”, “Шетелге шығып жақсысын үйреніп, жаманын жирену керек қой”, “Қазақстандағы жалғыз еркек осы шығар, таңым бар, қалайша? Баланы еркелету, оның қылықтарын көріп тамсану бір бөлек дүние ғой, өте ғажап сезімде боласын”, – деп жазған олар.

Айта кетейік, бұған дейін талдықорғандық келіншек төрт баланы өсірудің қуанышы мен жауапкершілігін айтқаны хабарланған болатын.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 20 Қараша, 2025 16:42
Талқылау