Балаларын Түркияға байқауға апармақ болған ата-аналар алданып қалған
Видеодан скрин
Баласын Түркиядағы өнер байқауына апарамыз деген компанияға алданған ата-аналар продюсерлік орталыққа басып кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мен де жұлдыз боламын", “Eurasia star” деп аталатын ел естімеген конкурсқа ұл-қызын қатыстыру үшін кемі 350 мың теңгеден төледік дейді ата-аналар. LM Production деп аталатын продюсерлік компания оларды Түркияға байқауға жіберуге уәде еткен.
“Мен жалпы өнер-білім орталығының директорымен. Осы "Мен де жұлдыз боламын" жобасы арқылы, Лариса Мақсатқызы арқылы біз Финике қаласына 27 мамыр күні ұшуымыз керек болған. Енді қазір не билет жоқ, не бронь жоқ. Артымда 68 ата-ана бар. 68 адамға біз толық бронь жасап, ақшасын төлеп қойғанбыз. Енді менің берген жалпы сомам, біздің орталықтың өзінен 11-12 миллион теңге шамасында”, – дейді оқушыларын байқауға жібермек болған орталық директоры Айбек Дәулетұлы.
"Компанияға алдандық" деген адам саны еліміз бойынша жетіп артылады. 600 бала продюсерлік орталықтың бастауымен Түркияға барып, байқауға қатысуы керек болған. Орталыққа төленген сомаға ата-аналардың баласымен шетелде жүріп-тұруы кіреді депті.
“Біз желтоқсан айында ақшаны ішпей-жемей бердік. Мен 350 мың бердім, мына жерде басқа ата-аналар да бар, 850 мыңнан берген. Екі баласын алып бара жатқан, жолдасымен бара жатқан. 1 миллион 200 мың бердім деген ата-аналар бар. Біз оған қоса, қаншама костюм тіктірдік”, – дейді ата-аналардың бірі Ардақ Сегізбаева.
Аталған байқауға балаларды іріктеу Instagram желісінде әлі күнге дейін жүріп жатыр. Бірақ басшысы мұнысын оғаш көрмейді. Лариса Жұмаева жұртқа берешегім 120 миллионға жетті деп, бар кінәні оқу-ағарту министрлігіне, оның ішінде бала құқығын қорғау комитетіне сілтеп отыр. Айтуынша, комитет осыншама жеткіншекке шет мемлекетке ұшуға рұқсат бермеген.
“Маған комитет басшысы хабарласып, ұрысты: "Сіз осыншама баланы неге шетелге апара жатырсыз, баланың қауіпсіздігіе кім жауап береді" деді. Енді сіз өзіңіз ойлаңыз, аз уақытта ұшққа соншама адамды отырғызу мүмкін емес. Адамдарға қайтарылады. Бірақ мені кешеден бері осы кеңседе ұстап отыр, сыртқа шыға алмай отырмын. Қайтарып беру үшін банктерге баруым керек”, – дейді "Мен де жұлдыз боламын" жобасының бас продюсері Лариса Жұмаева.
Ата-аналардың шағымынан кейін орталыққа полиция да келді. Жиналғандар Лариса Мақсатқызының атына бірауыздан арыз түсірді. Ал полиция орталықтың есігін мөрлеп, әйелді бөлімшеге алып кетті. Алайда әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды ма, жоқ па, ол әзірге белгісіз.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
