Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баламмен үйге кіре алмай, дала кезіп жүретінбіз": Маскүнемдіктің кесірінен отбасы ойран болған қазақстандық әйелдер көрген қорлығын айтып берді

Қазақстанда ажырасқан отбасылардың жартысынан көбі алкоголизмнің кесірінен екіге кеткен екен. Отбасы мүшесінің ішімдікке тәуелді болғаны тұтас бір жанұяның тыныштығын бұзады. Жұбы алкогольге тәуелді болған әйелдер мұндай отбасыда көрген қорлығын, күйеуін тәуелділіктен алып шығу үшін істеген амалдары туралы айтып берді. 

Фото: Alamy.com

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үкімет брифингінде Қазақстанда ажырасудың ең басты себебі алкоголь мен есірткіге тәуелділік деп айтып өткен еді. Ажырасудың 61,7% жағдайы ерлі-зайыптының бірінің маскүнемдігі мен нашақорлығы салдарынан болады екен. 

Күйеуі ішімдікке салынған келіншектер алкоголь отбасыларының шырқын бұзып, өмір сүру мүмкін еместей жағдайға айналдырды дейді. Есімін жасырын қалдыруды сұраған өскемендік әйел маскүнеммен 21 жыл бірге тұрып, ақыры ажырасуға бел буғанын айтады. Себебі жұбайы ішімдікті қоюға тырыспаған. 

“Ішімдікпен күрес 20 жылға жалғасып, сәтсіз болды”

“Күйеуіммен қыз бен жігіт болып жүрген кезде оның тәуелділігін байқамадым, мас болған кезін мүлдем көрмегенмін. Бірге серуен құрып, қыдырған кезде де спиртті өнімдерге жоламайтын. Бірақ үйлену тойымызда достарымен бірге араққа сылқия тойып алды. Қуаныш үшін ішкен болар деп мән бермедім. Тойдан кейінгі күні есін жимады, үйге достарын жинап, әлі ішуді жалғастырды. Содан бастап менде күйеуімнің ішімдігімен күрес 20 жылға ұласты”, – деді ол.

Әйелдің сөзінше, ер адам жоғары білімді, жақсы қызметтегі адам болған. Алайда алкоголь ішсе, бірнеше апталап салынып кетеді дейді. Соның кесірінен үнемі ұрыс-жанжал, айқай-төбелес болатынын еске алды.

“Осылай апталап мас болып, жұмысқа бармай қойғаны үшін қызметтен шығып қала ма деп қорқатынмын. Жоғалып кетеді, оны іздеймін. Оның үстіне “күйеуін қаңғытып қойыпты” деген елдің сөзінен қорқып, біреу көріп қоймаса екен деп жүремін. Кейде көшеден ессіз жатқанында тауып аламын, кейде достары мас күйінде әкеліп тастайды”, – деді әйел.

Айтуынша, күйеуі өзін ішімдікке тәуелді деп санамаған және емделуге, арақ-шарап ішуді қоюға тырыспаған. Десе де келіншек ер адамды айықтырамын деп барымды салдым дейді.

“Алкоголизмді емдеу деген жарнамаларды жібермей, барлық амалын көрдім. Арнайы орталықтарда “кодировка” жасатып көрдік, “алкогольге құмарлықты басады” деген дәрілерді сатып алып бердім. Тіпті бақсы-балгерге жүгініп, халық емін жасап көрдік. Ата-анасы, бауырларына айтып, “ұлдарыңызға түсіндіріңіздерші” деп жалындым. Алайда оның тәуелділігі асқына түсті, соның кесірінен денсаулығы нашарлап, жүйкесі сыр бере бастағанын түсіндім. Көшедегі “алқаш” деңгейіне түсіп, спиртті өнімнен басқа ештеңеге қызықпайтын болды”, – деді өскемендік тұрғын. 

Әйел үнемі “құтқарушы” рөлінде болып, отбасының барлық ауыртпашылығын өзі көтеріп жүргенін ұғыпты. 

“Бір күні қатты шаршап кеттім. Әл-ауқатым, жігерім таусылып, үнсіз кетіп қалдым. Алайда оны тастап кеткенім үшін кейде өзімді кінәлі сезінемін. “Мүмкін, былай істеуім керек еді”, “сәл шыдасам түзелер ме еді” деген ойлар мазалайтыны рас. Бірақ осылай ойлап жүрген кезде өмірімнің 20 жылы өтіп кетті”, – деді келіншек.

“Екі түрлі адаммен өмір сүріп жүргендей болдым”

Есімін жасырын қалдырған тағы бір қазақстандық келіншек бұрынғы күйеуінің алкогольге тәуелділігінен психикасына соққы келгенін айтады. Сөзінше, ер адам он жылдай “ішімдікті қоямын” деген уәдемен алдап келген екен. Ажырасу сол кезде оған оңай болмағанымен, бала-шағасының тыныштығы үшін және оларға теріс тәрбие әсер етпес үшін бөлек кетуді таңдаған.

“Алғашқы кезде бәрі жақсы болған. Оны жақсы көріп қосылдым. Мәдениетті, сыпайы болды, қатты ренжісіп көрмедім. Той-томалақ, ойын-сауық кездерінде ішімдік ішкенімен, маскүнемдігін байқаған емеспін. Үйленгенімізге 2 жыл өткен соң, іше бастады. Бірнеше күн мас болатынды шығарды. Мен ренішімді айтқанымда, “соңғы рет”, “бір жолға кешір” деп уәде етті. Бірақ ештеңе өзгермейтін. Әр кез ішеді, үйдің берекесін кетіріп, төбелеседі, одан кейін кешірім сұрайды. Кешірімді алған соң, әрекетін қайталайды. ”, – деді келіншек.

Айтуынша, ер адам күнделікті өмірде өте тыныш, жуас болғанымен, мас кезінде “өте қорқынышты” адамға айналады.

“Екі түрлі адаммен өмір сүретін сияқты едім. Былай уақытта ақкөңіл, балаларға барын беріп, еркелетіп жүреді. Ал мас болғанында одан асқан қатал адам жоқ. Қыста жүкті кезімде бес жасар ұлыммен үйден қашып, дала кезген сәттер болды. Себебі мас болып келсе, үйдегі заттарды лақтырып, ұрады. Ол ішімдік ішкен кезде қасында отырмасаң да, ашуланады. Бірде “бірге іш” деп аузыма сыраны тақап, күштеп аузыма құйғысы келген. Есін жиғаннан кейін түк болмағандай, есінде ештеңе қалмағандай жүреді” – деді ол. 

Әйел бірнеше рет күйеуін “кетемін” деп қорқытқан.

“Күйеуіме еркелеп те, өтініп те, ұрысып та, жылап та айттым. Баламызбен ант етуін талап еттім. Содан кейін үш айдай қойды. Сөйтсем тығылып ішеді. Қоймадан, әжетханадан бөтелкелерді тауып аламын. Түрлі өтіріктер айтып, “жалақыны кешіктіріп жатыр”, “ақшаның реті келмей жатыр” деп үйге ақша әкелмейтін болды. Сөйтсе бәрін ішімдікке жұмсайды екен. Мен ақшаларды, банк карталарын жасыратынды шығардым. Сондай кезде өзімді бір тыңшы сезінуші едім. Бірақ ақшасын тығып қойсам, үйдегі бір затты сатып жіберетін болыпты”, – деді келіншек. 

Әйел күйеуін маскүнем деп санамағанын, сол үшін де емдеу орталықтарына жолықпағанын айтады.

“Оны есі дұрыс, саналы адам деп өтінішімді сөзбен жеткізгім келетін. Сөйтсем ол “тәуелді адам”, “науқас” екен. Мұны қазір түсіндім. Бір күні ұлым жылап, “неге папалар жаман?” деді. “Қой балам, неге олай айтасың?” дегенімде, “папа арақ ішеді, ұрады, ұнамайды маған папа. Мен де папа болғанда осындай болам ба?” деді. Оның түсінігінде әке рөлі, ер адам рөлі нашар кейіпте болады деп қорқып кеттім. Осыдан соң балаларымды алып кетіп қалдым”, – деді маскүнемнің бұрынғы жары. 

Отбасыдағы алкогольге тәуелді адамға қалай көмектесе аламыз?

Психолог Алексей Конюшный алкоголизм ортақ мәселе болғанымен, оған тек ішімдікті ішетін адам жауапты екенін айтады. Яғни маскүнемнің жақындары бар жауапкершілік пен ауыртпалықты өздеріне жүктеп алмауы керек дейді.

“Алкоголизм – бұл медициналық және психологиялық көмекті қажет ететін ауру. Аурумен бірінші кезекте науқастың өзі күресуі керек, ал жақындары қолдау білдіреді, бағыт береді. Күйеуіңе көмектесу – оны өзгерту немесе оның орнына шешім қабылдау деген сөз емес. Оның жауапкершілігін өз мойнына алмай, бірақ оның кәсіби көмек алуына бағыт беруге тырысқан жөн. Бірінші кезекте маскүнемнің өзі айығуға әрекет жасағаны жөн. Ал оның еркінсіз емдеу жақындарының менталды жағдайына кері әсер етуі мүмкін.

Көп жағдайда отбасы алкогольге тәуелділікті ауру ретінде қабылдамайды, оны жасырып қалғысы келеді. Бірақ мәселені шешудің бірінші жолы – мойындау”, – деді маман.

Маман көмектесудің бірнеше қадамын айтты:

  • Нарколог пен психологқа жүгіну;

  • Отбасылық терапиядан өту;

  • Алкоголизммен күресетін отбасыларға қолдау көрсететін қауымдастықтарға бару.

Психолог алкогольге тәуелді адаммен ажырасқаны үшін әйелдер өзін кінәламауы керек дейді.

“Әйелдер өздерін күйеуінің тағдырына жауапты сезінеді. “Егер көбірек қолдасам, көмектессем, жағдай басқаша болар ма еді?" деп ойлайды. Бірақ алкоголизмнен арылғысы келмейтін адамды мәжбүрлей алмайсыз”, – деді Конюшный.

Денсаулық сақтау министрлігі алкоголизммен бетпе-бет келген отбасыларға оңалту орталықтарына баруға кеңес береді.

“Қазақстанда нашақорлықтан зардап шегетін адамдар үшін, оның ішінде алкогольге тәуелді адамдар үшін, мемлекеттік және жекеменшік оңалту орталықтары бар. Психикалық денсаулық орталықтары сияқты мемлекеттік мекемелер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін қызмет көрсетеді. Бұл орталықтар еліміздің барлық өңірінде бар. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мәліметі бойынша Қазақстанның 19 облысында медициналық-әлеуметтік оңалтудың үшінші кезеңі жұмыс істейді”, – делінген хабарламада.

Алкогольге тәуелділіктен оңалту курсынан өткен азаматтарға кейін психологиялық көмек беріледі екен.

“Оларға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету медициналық, психологиялық және әлеуметтік қолдауды қамтиды. Оңалту орталықтарында емделгеннен кейін пациенттер психикалық денсаулық орталықтарының мамандарынан қолдау алады. Ол салауатты өмір салтына бейімделуге бағытталған. Науқастарға жеке және топтық консультациялар жүргізіледі. Мемлекеттік бағдарламаларға үкіметтік емес ұйымдармен, діни бірлестіктермен және өзара көмек көрсету қоғамдастықтарымен өзара іс-қимыл кіреді, мысалы, маскүнемдер тобы 12 қадамдық бағдарламаға қатысу арқылы ұзақ мерзімді қолдау алады”, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Талқылау