"Балаларымның жақсы маман иесі болғанын қалаймын": Солтүстік Қазақстанда отбасы 12 бала асырап алған
Солтүстік Қазақстан тұрғындары Асхат Нүсіпов пен Гүлнұр Ақаева 19 бала тәрбиелеп отыр. Ерлі-зайыптылар 12 бала асырап алған. Осылайша олар ауылдағы жабылуға шақ қалған мектепті де сақтап қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Үйдің тұңғышы он тоғызда, ал кенжесі екі жасқа енді толған. Балалары ата-анасына қолғанат, үйдің жұмысына да көмектеседі екен.
"Анам күнде ақылды болуымызды, тәртіпті және ұқыпты болу керектігін айтады, бізге көп нәрсе үйретеді. Әкеміз бізге көмектеседі және күнде бізбен ойнайды. Мен өз ата-анамды жақсы көремін", - дейді Юлия.
Ерлі-зайыпты Нүсіповтер Солтүстік Қазақстанға 2017 жылы еңбек бағдарламасы бойынша оңтүстіктен көшіп келген. Жергілікті кәсіпкер 6 бөлмелі үй де алып берген. Гүлнұр мектеп директоры қызметіне тағайындалған. Алайда тұрғындар санының азаюына байланысты мектепті жабу жайлы шешім қабылданады.Мектеп жабылса ауылдың да тоз-тозы шығатынын ойлаған отбасы бұған жол бермеуге шешім қабылдаған.
"Үлкен өмірге аяқ басқанда өздері бір-бір мамандық иесі болып, өз нанын өздері тауып жегенін қалаймыз. Жолдасымыз екеуміз жаман жолға түспей, еңбегіміз жанса екен деп тілейміз. Балаларымның иманды, ибалы азаматтар болғанын қалаймыз", - дейді Гүлнұр Ақаева.
Көп балалы ана директорлық қызметтен бас тартқан, қазір мұғалім болып жұмыс істейді. Мансап пен бала тәрбиесі арасында таңдау түскенде Гүлнұр көп ойланбағанын айтады. Негізі жұмысынан бөлек тігіншілікпен де айналысады. Бұл өнерге қыздарын да баулып жүр.
Асхат Нүсіпов балаларын қатарынан қалдырмау үшін екі жұмыс істейді. Ешкімге алақан жайғысы келмейтін ол ұл-қыздарын еңбекқор, елгезек, мейірімді етіп тәрбиелегісі келетінін айтады.
"Жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек ең бастысы. Балаларды үкімет үшін емес, өзім үшін алдым. Жылуы жоқ, ешкімі жоқ, далада қалғанын қаламадық. Ойлана келе жұбайыммен осындай шешімге келдік.
Асырап алған балалардың арасында түрлі ұлт өкілдері бар. Олардың барлығы қазақ мектебінде оқиды. Кезінде жабылуға аз қалған білім ордасында бала саны да көбейген. Келесі жылы Солжоқ ауылында жаңа мектеп салынбақ.