Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларға тиіспейміз деп уәде беріп едіңдер ғой": Депутат балалар үйін көшіру туралы бұйрық шығарған шенеуніктерге шүйлікті

Бақытжан БазарбекФото: instagram.com/bakytzhan.bazarbek

Алматының Бағанашыл шағынауданында орналасқан №1 облыстық балалар үйі тәрбиеленушілердің қарсылыған қарамастан, Қонаевқа көшірілмек. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мекемені көшіру туралы бұйрықтың көшірмесін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат әлеуметтік желідегі парақшасында Алматы облыстық білім басқарамасының 2025 жылғы 10 шілдедегі "Облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орналасқан жерін өзгерту туралы" бұйрығын жариялап, Алматы облысының шенеуніктері үш айдай бұрын ғана Бағанашылдағы балалар үйін көшірмеуге уәде бергенін еске салған.

"Мынау не? Балаларға тиіспейміз деп уәде беріп едіңдер ғой! Алматы облысының шенеуніктері Алматының Бостандық ауданы Бағанашыл шағынауданындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшірмейміз деп сендіргеніне үш ай да өткен жоқ...Мына бұйрық нені меңзейді? Ресми түсініктіме күтемін", – деп жазған Бақытжан Базарбек.

Еске салсақ, осы жылдың наурыз айында Алматыда Бағанашыл шағынауданында орналасқан №1 Алматы облыстық балалар үйі жазда Қонаевқа көшірілетіні туралы ақпарат тарап, балалар үйінің түлектері нысанның Қонаевқа көшірілуіне наразылық білдірген еді.

Желіде пайда болған шудан кейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездескенін, балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаевқа көшірілмейтінін мәлімдеген.

Аида Тақабаева
Жұма, 11 Шілде, 2025 15:42
Талқылау