"Балалардың жаппай өліміне себеп болған": Үндістанда шәрбаттан 17 бала көз жұмды
Фото: capital.de
Үнді полициясы Sresan Pharmaceutical Manufacturer компаниясының иесін қамауға алды. Бұл компания шығарған Coldrif жөтелге қарсы шәрбаты кемінде 17 баланың өліміне себеп болды. Бұл туралыStan.kz ақпарат агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға Үндістанның бірнеше аймағында тіркелген. 5 жасқа толмаған балалар соңғы бір ай ішінде осы шәрбатты ішкеннен кейін көз жұмған. 2 қазанда жүргізілген зертханалық сараптама кезінде препарат құрамынан диэтиленгликоль табылып, оның мөлшері рұқсат етілген нормадан шамамен 500 есе жоғары болғаны анықталды. Осыдан кейін Coldrif шәрбатын бірқатар штатта сатуға тыйым салынды.
Компания иесі 8 қазанда тұтқындалды. Полиция қылмыстық істі өткен аптада қозғаған. Үнді заңнамасына сәйкес, дәрі өндірушілер шикізаттың әр партиясын және дайын өнімді міндетті түрде тексеруі тиіс. Бұл талап 2023 жылдан бастап енгізілген. Бұған дейін Үндістанда өндірілген дәрілерден Өзбекстан, Гамбия және Камерунда балалар қаза тапқан болатын.
2022 жылдың соңында Өзбекстанда 60-тан астам бала Үндістанның Marion Biotech компаниясы шығарған Dok-1 Max шәрбатын ішкеннен кейін қайтыс болған. Тағы жиырма бала ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған. Кейін сараптама бұл препараттың құрамында да диэтиленгликоль бар екенін растаған. Бұл — техникалық сұйықтықтарда қолданылатын өте улы зат.
Dok-1 Max ісі бойынша сот 2024 жылдың ақпанында аяқталды. Қаза тапқандардың туыстары мен зардап шеккендерге өтемақы төленді.Әрқайсысына 1 миллиард сумнан (шамамен 79 мың доллар) және басқа зардап шекккендерге — 200–500 миллион сум аралығында өтемақы төленді. Сонымен қатар, бұл істе Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің бірнеше шенеунігі де жауапқа тартылған. Тергеу барысында жалған дәрілердің елге жемқорлық схемалар арқылы және бақылаусыз әкелінгені анықталған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Үндістандағы жаңа жағдайды дәрі өндірісін бақылаудағы "реттеу олқылығының көрінісі" деп атап, қауіпті препараттардың бір бөлігі бейресми түрде экспортталған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, үнді билігі аптаның басында Shape Pharma және Rednex Pharmaceuticals компаниялары шығарған Respifresh пен RELIFE шәрбаттарын да пайдаланбауға кеңес берді. Олардан да диэтиленгликоль табылған.
Үндістан қазіргі таңда әлемдегі ең ірі дәрі өндіруші елдердің бірі саналады. Ел АҚШ пен Қытайдан кейін үшінші орында тұр және АҚШ-та қолданылатын дәрі-дәрмектің 40 пайызын, ал кейбір африкалық мемлекеттердің 90 пайыздан астам дәрісін қамтамасыз етеді.

"Тиіндерді өлтіресіздер": Алматылықтар әкімдіктің егеуқұйрықтарды улау шарасына наразы
