"Балалардың көзінше дәрет сындырады": Алматының орталығы үйсіз-күйсіздердің мекеніне айналды
Алматыда үйсіз-күйсіз жүргенде тұрғын үйлерге көрпе-төсегімен баса-көктеп кіріп, қонған жеріне дәрет сындырып кететін болған. Тіпті тұрғындар "пәтерді өртейміз" деп сес көрсетеді дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Назарбаев даңғылының тұрғындары панасыз жүргендерден мезі болғанын айтып, әкімдік пен полицияның шаралары нәтиже бермейді деп отыр.
“Олар үнемі мас. Өте агрессивті. Ескерту жасауға қорқып қалдық. Түнде подъездерге топ болып кіріп алады. Күндіз ауладан кетпейді. Балалардың көзінше шешініп, дәрет сындырады”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Гүлмира Жайымбаева.
Тұрғылықты жері жоқтар тұрғындарға “Сіздер жақта тұрып жатқаныма 15 жыл болды” деп мазақ ететін көрінеді. Бір үйден қусаң екіншісіне барып, тойлап, тіпті ұрлық та жасайды дейді ашынған алматылықтар.
Үйсіз жүргендер бейнекамераларды пысқырмайтын болған. Қазір дүкен-мейрамхананың жұмысына да кедергі келтіріп жүрген көрінеді.
“Дәл осы аулада биыл 17-ден астам рейд жасалды. Тиісті жұмыстар жалғасады”, – деп қысқа қайырды Алматы полициясы.