Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балаларының үйірмеге қатысуы үшін абонемент сатып алған ата-аналарды YAYA платформасына бұғаттап тастаған

YaYa стартапыФото: Видеодан скрин

Алматы қаласында мектепке дейінгі жастағы балалардың ата-аналары онлайн-платформа арқылы сатып алған жылдық абонементтері үшін төлеген қаражаттарын қайтара алмай отырғандарын айтып, наразылық білдірді. Ата-аналардың сөзінше, әрқайсысы 360 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақша төлегенімен, балалары уәде етілген үйірмелерге қатыса алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ата-аналар абонементті YAYA онлайн-платформасы арқылы рәсімдеген. Алғашында балалар би, жүзу, гимнастика, шахмат, таэквондо секілді спорттық және дамытушы үйірмелерге қатысқан. Алайда бір айдан кейін қосымша жұмысын тоқтатып, ата-аналардың аккаунттары бұғатталған. Ата-аналардың бірі Данелия Сапарбаева сатып алған абонемент үшін 400 мың теңге төлегенін айтады.

"Абонементті өзім жеке 400 мың теңгеге, жеңілдікпен сатып алдым. Бірақ орталық бізді өздері бұғаттады. Қазір “мұздату” мамыр айына дейін созылады дейді. Нақты жауап жоқ. Ал біз барған орталықтардағы жаттықтырушылар YAYA оларға 6-8 айдан бері ақы төлемегенін айтып отыр. Соның кесірінен ешкім олармен жұмыс істегісі келмейді. Енді соның зардабын біз тартып отырмыз", – дейді ол.

5 жасар Диананың әкесі Владислав Маргацкий де зардап шеккендердің қатарында. Ол жылдық абонементті 360 мың теңгеге бөліп төлеу арқылы рәсімдеген.

"Бала таэквондо мен биге барып жүрді. Бәрі жақсы еді. Бірақ қаңтарда секциялар жабыла бастады. Хабарлассақ, “күтіңіздер, абонементті мұздатамыз, бір ай сыйлаймыз” деді. Ақшаны қайтаруды сұрағанда, екі апта бойы созбалаңға салды. Жауапты әрең береді", – дейді ол.

Зардап шеккендер тек ата-аналар ғана емес. Балаларды қабылдаған жекеменшік дамытушы орталықтар да төлемсіз қалғандарын айтып отыр. Сурет салу студиясының директоры Альбина Багманованың айтуынша, платформа алдындағы қарыз айлап жиналған.

"Біз 488 сабақты ақысыз өткіздік. Балаларды бұрынғыдай қабылдай бердік. Ал төлем үнемі “ертең”, “келесі аптада” деп кейінге қалдырылды. Ал менің өз шығындарым бар: мұғалімдердің жалақысы, жалдау ақысы, салық, материалдар. Мұның бәрін өз қалтамнан төлеуге мәжбүрмін", – дейді ол.

Компания басшылығы қаржылық қиындыққа тап болғандарын мойындап отыр. Платформа директоры Лаура Ералиеваның айтуынша, екі жыл ішінде 6 мыңға жуық абонемент сатылған, алайда есеп дұрыс жүргізілмеген.

"Клиенттер бізге бір жылға алдын ала төледі. Бірақ біз кассалық алшақтыққа тап болдық. Балалардың барған сабақтары үшін шығын шықты. Барлық есеп бар, әр клиентке қанша сабаққа қатысқанын көрсетіп бере аламыз. Балалар орталығының айлық бағасы 30–100 мың теңге, бассейндерде одан да қымбат", – дейді платформа директоры.

Осы жағдайға байланысты ата-аналар полицияға арыз түсірді. Қазір іс Алматы қалалық полиция департаменті тарапынан тексеріліп жатыр.

Полицияның ресми өкілі Салтанат Әзірбек іс қозғалғанын мәлімдеді.

"Барлық арыз жан-жақты қаралады, бір өндіріске біріктіріледі. Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталады", – деді ол.

Ал компания өкілдері сотқа дейін келісімге келуді ұсынып отыр. Олардың айтуынша, пайдаланылған сабақтардың құны ұсталып, қалған қаражат ақпан айының соңына дейін қайтарылуы мүмкін.



Еске салайық, бұған дейін YAYA Children сервисіне қатысты дау осы жолы ғана қозғалып жатқан жоқ. Бұған дейін ата-аналар YAYA Children сервисіне ашық түрде шағымданып, балалар орталықтарына төлем жасалмай отырғанын және абонемент үшін төленген қаражаттың қайтарылмай жатқанын мәлімдеген еді.

Айым Атамбаева
Жұма, 06 Ақпан, 2026 13:16