Баланың ораза ұстауы қант диабетімен ауруына себеп болды – Алматылық дәрігер дабыл қақты
Фото ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалынды
Желіде алматылық дәрігер қатты арықтап, глюкозасы күрт көтеріліп кеткен 10 жасар пациенті туралы жазды. Бала кейінгі айда бүкіл отбасымен ораза ұстапты. Дәрігер баланың ашығуы диабетке себеп болды деп отыр. Осы орайда Stan.kz тілшісі жағдайды дәрігер мен діни басқарма маманымен талдап көрді.
Ораза ұстағаннан кейін 10 жасар баланың инсулині төмендеп кеткен
Қазақстанда 10 жасар бала қатты арықтап кетіп, дәрігерге барған. Маман глюкоза деңгейі 19-дан жоғары (нормасы 5,5) болып кеткенін байқап, бірінші типті диабет басталды деп ойлайтынын, аурудың басталуына ашығу себеп болуы мүмкін екенін жазды. Себебі баланың отбасы мүшесінің бәрі соңғы айда ораза тұтқан. Бұл оқиғаны желі қолданушы Threads-тегі парақшасында жазды.
"Шынымды айтсам, таңғалып тұрмын. Балаларды қинамаңыздар, ораза ұстауға мәжбүрлемеңіздер. Адам бұған саналы жасында өзі келуі керек", – деді ол.
Пікір жазғандардың арасында диабет ораза ұстағаннан болмайды деп, сенбей жатқандар бар. Бірақ кейбірі бұл пікірмен келіспеді.
– "Диабет ашығудан, ораза ұстағаннан болуы мүмкін. Бесінші типті диабет деп диагноз қойды. Бала қалыпты түрде өсуі үшін толығымен құнарлы тамақ ішуі керек. Бұл дискуссия құратын тақырып емес".
– "Диабет ашығудан пайда болуы мүмкін. Әсіресе толысуға жақын адамдар ашықпағаны дұрыс. Ашығу инсулин көлемін күрт көтеріп жібереді".
– "Диабет болған, тек ашығу соны қозғап жіберген сияқты", – деп пікір жазды желі қолданушылар.
Баланың ашыққанынан диабет пайда болуы мүмкін бе?
Осыған орай дәрігер-диетолог Марал Алмағанбетовадан баланың ашыққанынан диабетке ұшырауы мүмкін бе деп сұрап көрдік. Дәрігер бірінші типті қант диабетінің себебі толықтай анықталмағанын, дегенмен көбіне иммунитет төмендегенде, вирусты инфекцияларға әлсіз болғанда басталады деген тұжырым бар екенін түсіндірді.
"Адамның өз иммунитеті өзіне қарсы шығуы мүмкін немесе инфекциялардың кесірінен ұйқы безіндегі жасушалар инсулин бөле алмай қалады. Инсулин гормонын ұйқы безі бөледі. Тамақтан түсетін әртүрлі бөлшектер инсулин арқылы жасушаға кіруі керек. Жасушаның есігін инсулин ашады, тамақтан алынған энергия кіреді, адам қуаты толып, көңілі көтеріліп, әрі қарай жұмыс істей алады. Бірінші типті қант диабетінің себебі белгісіз болғанымен, көбіне инфекциядан болатын, балаларда кездесетін қант диабетінің түрі боп есептеледі. Яғни инсулин азайып кетеді, мұндайда оны сырттан егу керек болады", – дейді дәрігер.
Маман баланың ашығуы қант диабетінің басталуына триггер болатынын айтты. Дегенмен диабет тек осы себепті дамымайды деп түсіндірді.
"Ашығу алдында баланың инфекциялары бар болса, емделмесе, ашығуға дайындалмаса, ағзада түрлі дефицинт, дисбаланс болса, емделмесе, соның себебінен иммунитет қатты төмендеп кетіп, қант диабетіне ұшырауы мүмкін. Ашығу триггер, бір себебі болуы мүмкін. Бірақ қант диабеті тек ашыққаннан, ораза ұстағаннан деп айта алмаймын. Баланың ағзасы қалыпқа келген болса, дұрыс тамақтанса, оразаның тәртібін ұстана алса және оған ата-анасы саналы түрде көмектесе алса, оразаға дайындығы болса, онда жалпы оразаның еш зияны жоқ деген пікірдемін", – деп жауап берді Марал Алмағанбетова.
Баланың ораза ұстауына медицина маманы қалай қарайды?
Дәрігердің байқауынша, кішкентай балалар, студенттер сәресіне ұйықтап қалады, кейін аузын ашқанда құнарлы тамақ жемейді, яғни дұрыстап ұстанбай жатады.
"Мұндайда төмен иммунитет одан сайын нашарлап, шаршап, өзіне зиян етіп алуы мүмкін. Сол себепті бала саналы түрде, ата-анасымен бірге, дайындалып және дұрыстап тамақтанып ұстағаны жөн. Көбіне ата-аналардың дайындалуға, дұрыс тамақтануын қадағалауға уақыты болмай жатады. Сондықтан дәрігер-диетолог ретінде балаға ұстаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Адам оразаны ұстаймын деп шешсе, ол өзіне қамқор болып, өзінің денсаулығына жауапкершілік ала отырып ұстауы керек", – деп пікір білдірді дәрігер Марал Алмағанбетова.
Балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза тұту парыз ба?
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баланың ораза ұстауына қатысты ұстанымын білдік. Басқарманың сөзінше, балиғат жасына жетпеген жас бала мен ақыл-есінен ауысқан адамға ораза тұту парыз емес. Алайда балаларды құлшылыққа баулу мақсатында ораза ұстатқызу – мұстахап. Мұстахап дегеніміз – Алла елшісінің кейде жасап, кейде жасамаған әрекеттері.
Осы орайда балиғат жасы деген қай жасты білдіретініне тоқталайық. Басқарма берген дерекке сүйенсек, шариғатта балиғат жасы ұл мен қыздың жыныстық жетілуімен байланысты.
"Әдетте ұл бала ұйқыдан тұрғанда поллюцияны (еріктен тыс шәуеттің бөлінуін) байқаса, қыз бала хайыз (етеккір) көрсе, сол сәттен бастап олар балиғат жасына жеткен (ержеткен, бойжеткен) болып саналады. Негізінде қыз балалар 9 жастан, ұл балалар 12 жастан өтіп балиғат жасына жетеді. Осы кезде ешбір белгі байқалмаған жағдайда, көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша 15 жасынан бастап екеуі де өзінен өзі балиғатқа толған болып есептеледі. Олар бұл жаста өз бетінше шешім қабылдауға, шартқа отыруға құқылы, келтірген зиянды немесе жазаны өтеуге міндетті", – дейді басқарма.
Жетім бала осы уақыттан бастап жетімдіктен шығады. Бозбала бұл жасқа жеткенде әлсіз әке-шешесіне, қыз бауырлары мен балиғат жасына толмаған інілеріне қамқорлық жасауға тиіс.
"Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде "Балиғат жасына жетпейінше балаға қалам жазылмайды (яғни жауапқа тартылмайды)" дейді. Демек бала үшін айтылған "қалам жазылмайды" деген ұстаным балиғат жасынан бастап өз үкімін жояды. Балиғат жасына толған балаға бес уақыт намазын үздіксіз оқу, Рамазан айында толық ораза ұстау, қаражаты жеткен жағдайда зекетін беру, қажылыққа бару – парыз", – делінген ҚМДБ түсіндірмесінде.