Балалар би клубындағы шабуыл: 9 бала жараланып, екеуі пышақ жарақатынан қаза тапты
Англияның солтүстігіндегі Ливерпульге жақын орналасқан Саутпорт қаласында балалар би клубына шабуыл жасалды. Екі бала пышақ жарақатынан қайтыс болды, тағы тоғызы ауыр жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: REUTERS
Жарақат алған 6 бала ауыр жағдайда жатыр. Одан бөлек, балаларды қорғамақ болған екі ересек адам да ауыр хәлде.
Бэнкс қаласында тұратын 17 жастағы жасөспірім шабуыл жасады деген күдікпен қамауға алынды. Оның не себепті мұндай әрекетке барғаны әлі хабарланған жоқ. Алайда жергілікті полиция мұны терроризммен байланыстырмайды. Олар күдікті жалғыз әрекет етті деген болжам жасады.
“Қазіргі кезеңде біз осы қайғылы оқиғаның себебін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатырмыз. Тұрғындарды болжам жасамауға шақырамыз. Оқиғаның лаңкестікке қатысы жоғын да растай аламыз", – дейді жергілікті полиция.
Балалар би клубына шабуыл жасаған адамды куәгерлер де көрген. Ол Саутпорт қаласының орталығына таксимен келіп, жүргізушіге жол ақысын төлеуден бас тартқан. Куәгердің айтуынша, ол сол сәтте бетпердеде болған. Кейін ол би үйірмесіне қатысатын бастауыш сынып оқушыларына пышақпен шабуыл жасаған.
Жергілікті тұрғындар қан-жоса болған балаларға медицина қызметкерлерінің көмек көрсетіп жатқанына куә болған. Олардың бірі зардап шеккен баланың анасымен тілдескен. Ол қызының толық есін жия алмағанын айтқан.
“Мен өмірімде мұндайды көрген емеспін. Біз не болып жатқанын түсінбедік. Шабуыл кезінде бізге үйден шықпай, есікті бекітіп алуды ескертті", – дейді куәгер.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер қайғылы жағдайға “жантүршігерлік” деп баға берді. Сондай-ақ ол алғашқы көмек көрсеткен төтенше жағдайлар қызметкерлеріне алғысын білдірді.