Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бала жуылмаған көкөніс жеп инфекция жұқтырды: Қазақстанда "кіші обаның" екі жағдайы тіркелді

қияр жеген бала

Фото: ЖИ

Павлодар облысында "кіші оба" деп аталатын жұқпалы ауру – туляремияның екі жағдайы тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қыркүйектің басында Павлодар облысында туляремияның екі жағдайы тіркелді. Павлодар облысы Тереңкөл ауданындағы ауруханаға Ивановка және Тереңкөл ауылдарынан 15 және 4 жастағы екі бала түсті. Екеуінің де қызуы көтеріліп, лимфа түйіндері ісінген.

Үлкен бала ауруды жеңілірек өткеріп, ол жазылып кеткен. Алайда төрт жасар баланың ауруы асқынып, оны екі аптадан астам уақыт бойы жансақтау бөліміне жатқызуға тура келді. Баланың дене қызуының жоғарылауымен қатар, көзінде іріңді бөліністер пайда болды, тыныс алуы қиындап, тәбеті төмендеді.

Туляремия – жедел жұқпалы ауру. Инкубациялық кезеңі – шамамен бір апта. Ауру жоғары қызбамен, лимфа түйіндерінің ісінуімен бірге жүреді, сонымен қатар көзге, өкпеге, теріге немесе асқазан-ішек жолдарына әсер етуі мүмкін.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық тексеріс жүргізгенін хабарлады.

"Зардап шеккендердің бірін балық аулау кезінде белгісіз жәндік шағып алғаны анықталды, содан ауру жұқты деген болжам бар. Екінші жағдай бақшадағы жуылмаған көкөністерді жеумен байланысты", – деп атап өтті ведомство.

Мамандар ауруды жұқтырған адамның айналасындағыларға қауіп төндірмейтінін атап өтті, туляремия адамнан адамға жұқпайды. Инфекция тек жануарлар, су, тамақ және жәндіктердің шағуы арқылы жұғуы мүмкін.

Вакциналау арқылы аурудан сақтануға болады. Облыста 386 адамды, оның ішінде Тереңкөл ауданында 71 адамға екпе егу жоспарланып отыр. Өңірге жеткілікті мөлшерде вакцина жеткізіліп, науқан басталып та кетті.

"Туляремияға қарсы вакцина бес жылға дейін иммунитет береді", – деп түсіндірді мамандар.

Сонымен қатар, тұрғындарға келесі алдын алу шараларын сақтау ұсынылады:

  • Таза су ішіңіз;
  • Азық-түлікті кеміргіштердің қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;
  • Көгалдандыру және жануарлармен жұмыс істеу кезінде қолғап киіңіз;
Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 23 Қыркүйек, 2025 14:04
Талқылау