"Бала күтуші емеспіз": Сыртқы істер министрлігі өкілі Лос-Анджелестегі қазақстандықтар эвакуацияланбайтынын айтты
Фото: gov.kz
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазір жаппай наразылық болып жатқан Лос-Анджелестен қазақстандықтарды эвакуациялау жоспарланбағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
СІМ өкілінің пікірінше, әр азамат өз қауіпсіздігін өзі ойлауға тиіс.
"Шетелде жүрген азаматтарымыз әлдақандай жағдайға тап болса, дипломаттарымыз міндетті түрде көмектеседі. Лос-Анджелестегі жағдайға келcек, онда ешқандай әскери қимылдар жүріп жатқан жоқ, әуежайлар қалыпты жұмыс істеп тұр. Неліктен біреуді эвакуациялау керек? Біздің азаматтардан өтініш түскен жоқ. Ешкім шағымданған жоқ. Біреуге ескерткенімізді қаласаңыздар, Америкада интернет, теледидар жақсы жұмыс істеп тұр. Барлығы елде не болып жатқанын көре алады.
Әр азаматымызға "мынаны істе, мынаны істеме" деп айтып отыратын бала күтуші емеспіз. Лос-Анджелеске барар алдында әрбір азамат ол жақтың қауіпсіз екеніне көз жеткізуі керек. Біз ешкімді эвакуациялағалы жатқан жоқпыз", – деді Смадияров.
Еске салсақ, Лос-Анджелесте федералды агенттердің мигранттарға қарсы рейдтерінен кейін 7 маусымда Парамаунт ауданында жаппай қақтығыстар болды. Латынамерикалықтар тұратын бұл жерде наразы жұрт агенттерге түрлі зат лақтырып, петардамен шабуылдаған. Президент Дональд Трамп наразылықты басу үшін 2000 Ұлттық гвардия сарбазын жіберді. Трамптың баспасөз хатшысы бұл әрекетті "заңсыздықты тоқтату" деп түсіндірді. Ал Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом федералды билік жағдайды әдейі ушықтырып отыр деп айыптады.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
