Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала күнгі кумирім". Қазақстандық актер Джеки Чанның жаңа жобасында бой көрсетеді

Екі актердің суретіФото: https://www.instagram.com/_omarov_rustem?

Белгілі қазақстандық актер Рүстем Омаров әлемге әйгілі Джеки Чанның Алматыда түсірілетін халықаралық жобасына қосылды. Ол "Доспехи Бога: Ультиматум" атты жаңа фильмде актер әрі сценарист ретінде бой көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі жағымды жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Рүстем Омаров атақты экшн-франшизаның жаңа бөлімінде Salem Entertainment компаниясының атынан өнер көрсетеді.

Құттықтай берсеңіздер болады! Мен бақыттымын, мен Джеки Чанның "Доспехи Бога: Ультиматум" атты жаңа жобасында актер әрі сценарист боламын. "Бала күнгі кумирім Джеки Чанмен бірге бір фильмге түсетініме өте қуаныштымын", – деп жазған ол.

Бұл хабар әлеуметтік желі қолданушыларын бейжай қалдырмады. Олар Рүстем Омаровтың қуанышына ортақтасып, жылы пікірлер қалдырып жатыр.

“Біз сізбен мақтанамыз!”, “Жарайсың, биіктерден көріне бер. Есімің Голливудқа дейін естілсін. Осындай қазақ бауырларымыз жетістікке жетіп жатқанда қалай қуанбайсың?!”, “Ууууооооууу... бұл енді әлемдік деңгей ғой! Керемет! Құттықтаймын!”, “Қазақтардың дәуірі басталды!”, “Құттықтаймын, Рүстем! Джеки — шынымен де аңыз адам. Онымен бірге жұмыс істеу — үлкен мәртебе. Біздің актерлердің осындай деңгейге жеткеніне қуаныштымын”, “Джеки Чанның жолы болды”, “Әрбір адал еңбек өз жемісін береді, осылай жалғастыра беріңіз”, “Біз сіздің барлық жобаңызды үлкен қызығушылықпен көреміз. Сол қалпыңыздан таймаңыз!”, “Кім-кім, бірақ сіз бұған әбден лайықсыз!”, – деп жазып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін әлемге әйгілі актер Джеки Чан Алматыға келген болатын. Кейінірек оның сапарының мақсаты белгілі болды.

Salem Entertainment мәліметінше, тараптар ірі бірлескен жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Алматыда болған уақытында актер алдағы картинаның түсірілім алаңдарын таңдаған.

“Толығырақ мәліметті әзірге құпия сақтаймыз. Бірақ сеніңіздер, алда сіздерді ғаламат жаңалықтар күтуде. Жаңалықтарымызды бақылап отырыңыздар, ең қызығы әлі алда!” – делінген хабарламада.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 22:59
Талқылау