Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала босануына әсер етпейді": Маман папиллома вирусына қарсы екпенің қандай кері әсері болуы мүмкін екенін айтты

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс онкологы Диляра Қайдарова адам папилломасы вирусына қарсы екпеден кейін қандай кері әсері болуы мүмкін екенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: un.org

Папиллома вирусына қарсы епке алғаш рет Қазақстанда 2013 жылы басталған. Алайда Павлодар облысында оқушылар екпе кезінде есінен танып қалған. Осыдан кейін вакцинация тоқтатылған еді. Маманның сөзінше, вакцина бұл оқушылардың репродуктивті жағдайына кері әсер етпеген. 

"2023 жылы біздің институт үлкен зерттеу жүргізіп, сол қыздарды таптық. Адам папилломасы вирусының бар-жоғын тексеру үшін сараптама жүргізіп, менструалды қызметі мен бала туу қабілетіне сараптама жүргіздік. Олардан адам папилломасы вирусы анықталған жоқ. Қыздар бүгінде ана атанған, вакцина босануға әсер етпеген", – деді Қайдарова. 

Маманның сөзінше, екпе кезінде қыздардың талып қалуына олардың эмоционалды жай-күйі себеп болған. Ал оқушыларға салынғалы жатқан америкалық екпеден кейін кері әсер байқалмауы керек деп сендірді.

"Кері әсер оқушының эмоционалды жай-күйінен (екпеден қорқу – ред.) болуы мүмкін. Сонымен қатар екпе орны 2-3 күн ауырып жүруі мүмкін, бірақ бұл да өтпелі. Бұдан басқа кері әсер өзге елдерде байқалмаған", – дейді маман. 

Еске салайық, бұған дейін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталғанын мәлімдеген еді. 

Талқылау