Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бақтияр Артаев Қызылорда қаласында жаңа бокс клубы ашылатынын хабарлады

Қызылорда облысы спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев өңірде жаңа бокс клубы ашылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Спорт министрі” YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: kfb.kz

Басқарма басшысы бұл ақпаратты жақында Сыр өңіріне барған журналист Аслан Каженовтың YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

“Қазір “Тарлан” спорт кешенін басқарманың теңгеріміне алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы мәселені артынан қалмай жүріп бітірдім. Жоспарлар сәтімен болса, келесі айда Қызылордада бокс клубы ашылады”, – деді Бақтияр Ғарифоллаұлы.

Жаңа бокс клубының басшылығына Артаев қызылордалық танымал боксшыларды қарастырып жатқанын айтты. Әзірге ең басты таңдау Токио олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа түсіп тұрғанын жасырмады.

“Спорт клубының басшылығына қызылордалық спортшыларды қарастырып жатырмыз. Жақын уақытта Қамшыбек Қоңқабаевқа ұсыныс жасаймыз. Ол кісі елге қызмет жасаймын десе, міндетті түрде қолдау болады. Одан бөлек Құлахмет Тұрсынбай мен Руслан Сыбаевты да шорт-листке қосып қойдық”, – деді Артаев.

Айта кетейік, жақында ғана боксшы Бақтияр Артаевқа Вэл Баркер Кубогы қайтарылғанын жазған едік.

 

Талқылау