"Бақытты екені бет-жүзінен көрініп тұратын": Медеуде көз жұмған өрт сөндіруші жазда шаңырақ көтеруді жоспарлап жүрген
Медеудегі өрт кезінде жан тапсырған өрт сөндіруші Арслан Құрманбековтің отбасына 13 миллион теңге көлемінде өтемақы төленеді. Ал төтенше жағдайлар министрлігі аға құтқарушыны марапатқа ұсынған. Сондай-ақ қызметтестері марқұм жайлы естеліктерімен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Медеудегі өртті 4 күннен бері сөндіріп жатыр. Құтқарушылардың сөзінше, жағдай бақылауға алынған. Ашық өртеніп жатқан жер жоқ. Қазір оқиға орнында 50 өрт сөндіруші жұмыс істейді екен.
Тау бөктеріндегі жалынмен күрес кезінде көз жұмған Арслан Құрманбеков өрт сөндіру бөліміне 8 жыл бұрын қызметке тұрыпты. Жұмыстан бос уақытында университетте оқыған. Қызметтестері оның ешкіммен жанжалға түспейтін айтады. Достарымен табиғат аясында демалғанды ұнатыпты. Тіпті жазда үйленуді жоспарлап жүрген екен. Арсланның артында қарт анасы мен кәмелетке толмаған інісі қалды.
"Күліп жүретін, бақытты екені бет-жүзінен көрініп тұратын. Бірде сұрақ қойғанымда "Кездесіп жүрген бойжеткен бар, төрт жылдан бері доспыз. Құдай бұйыртса жазда той болады, үйленеміз. Қазір анама ескертіп қойдым, бәрі біледі. Енді мейрамхана таңдап жатырмыз" деп жауап берген", – деді Медеу аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Айдар Ермұхамбетов.
Өрт кезінде зардап шеккен тағы бір құтқарушы үйінде ем қабылдап жатыр. Ал Арслан Құрманбековті марапатқа ұсынған. Жақындары 13 миллион теңге болатын өтемақыны 6 айдан кейін ала алады екен.
"Бір реттік қаржылай өтемақы ретінде 60 айлық есептік көрсеткіш немесе 13 миллион теңгеден астам қаржы беріледі. Жерлеуге қажетті шығындар өтеледі. Бұл шамамен 600 мың теңге", – деді Алматы қалалық ТЖД кадр саясаты басқармасының басшысы Сәуле Шақалова.
Өрт толығымен оқшауланған соң келген залал көлемі есептеледі. Ұлттық парк өкілдерінің сөзінше, бұл аймақта 2012 жылы дауылдан кейін құлаған шырша-қарағай ағаштары жатыпты. Өртенген тауда әзірге жаңа ағаштар егу жоспарланып отырған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін төтенше жағдайлар департаменті Медеуде өртті қасақана ұйымдастыруы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Қазір екі адам іздестіріліп жатыр. Себебі оқиға орнына келген жлғашқы жасақ таудан түсіп келе жатқан 2 адамды байқап қалған.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
