Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бақыт Сәрсекбаев: Ұлттық құрама әкеңнің төрі емес

Бокстан Қазақстан Республикасы экспериментальды құраманың бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев қазақ боксшыларын сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: instagram.com/b.sarsekbayev

Олимпиада чемпионы Instagram желісіндегі парақшасында қазіргі жас боксшылар жайлы өз ойын білдірді.

“Бұйырса 12-19 ақпан аралығында 18-22 жас аралығындағы боксшылар арасынан резервті құрамаға іріктеу чемпионаты өтеді. Сол құрамада жүлделі орынды меншілеген жас боксшылар менің қол астымда жаттығуды бастайды.

Жалпы, бұл құраманы құру мақсатымызды түсіндіре кетсем. Мақсат - бірінің жалынан бірі тістеп тұрған, Ұлттық құрамадағы барлық салмаққа бәсекелес, резерв дайындау. Қазіргі Ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия Чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында теке тіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса спортшы өспейді, босаңсып кетеді”, – дейді Сәрсекбаев.

Айта кетейік, жақында ғана Бақытты Қазақстан бокс федерациясы Вьетнамдағы қызметінен арнайы шақыртқан еді. Қазіргі таңда боксшы Қазақстанның эксперименталды құрамасын басқарады.

Сәрсекбаев кезінде өзі ұлттық құрамада болған кезін есіне алды. Отандасымыз ол уақытта бәсекелестіктің жоғары болғанын, сондай-ақ команданың жағдайы қазіргідей жақсы болмағанын да жасырмады.

“Мен ең мықты Ұлттық құрамада болдым, ол кезде Бақтияр Артаев, Серік Сапиев, Гена Головкин, Серік Елеуов, Канат Абуталипов, Мейіржан Рахимжанов, Галиб Джафаров сияқты кіл мықтылар болды. Бір салмақта 5-6 мықтыдан болдық. Ұлттық Құрама әкеңнің төрі емес екенін білеміз, еркелігің ешкімге керек емес. Қалт етсең сенің орныңды басатын резрв толып жүр. Тек жаныңды салып, тер төксең ғана дегеніңе жете аласың. Жыртылған аяқ киімді өзіміз тігіп алып, кірімізді өзіміз жудық. 

Жыртық матраста, бір бөлмеде 3-4 баладан жатып, Бүргөліктің тау мен тасын кезіп жаттыққан сол құрама елімізге бірнеше Олимпиада, Әлем жеңімпаздарын берді.
Қазір мен бірнеше спорт базаларын аралап көрдім, керемет жағдайлар жасалған. Тіпті біз армандамаған нәрселер бар. Тек дайындал да, результат көрсет”, – дейді олимпиада чемпионы.

Бақыт Сәрсекбаев қазіргі боксшылардың талпынысы мен стилі нашарлап кеткенін де ашық айтты. Алдағы уақытта құрамаға мықты резерв дайындау үшін барын салатынын жеткізді.

“Қуантарлығы - талантты жастар баршылық, қынжылтарлығы - бүгінгі бокстың стилі түбегейлі өзгеріп кеткен. Осы соңғы 10-15 жылда баяғы қазақ стилі 100% өзгеріске ұшыраған.
Менің жаттығуларым жеңіл болмайтынын боксшылар біледі, сол үшін де маған жүрегінде түгі бар, көзінде оты бар, амбициясы биік, жаттығудан шаршамайтын балалар ғана келеді. Олимпиада чемпионы болам дегендер келеді. Ал мен болсам оларға баяғы қазақ стилімен, өз техникаммен бөлісіп, Олимп шыңына жеткізуге барымды салам”, – дейді Бақыт Сәрсекбаев.

Талқылау