Бахтияр Артаев: Спортта жүрген қандастарымыздың арасында жат ағымдарға ілескендері көп
Олимпиада чемпионы, «Тарлан батырлары» ЖШС директоры Бахтияр Ғарифоллаұлы Артаевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Бахтияр Ғарифоллаұлы, қазіргі аға буын кейінгі жастарды рухсызданып кетті, патриотизм жоқ, Отанды сүюден ада деген сыни ойларын жиі айтады. Бүгінгі жастарды сондай бағытта тәрбиелеу үшін не істеуіміз керек, қандай әрекеттерге барғанымыз жөн? Мәселен, біреулер тарихи тұлғаларымызды танытуымыз қажет десе, енді бірі спорт саласының бұқаралық сипатын арттырған дұрыс деп жатады.
– Өкінішке қарай, мәселені қазіргідей бірін-біріне бұра беретін болсақ, нақты шешімді таппаймыз. Аға буын кейінгіні сынайды, кейінгі ағаларды сынайды. Ең дұрысы, сол аға буын ағалығын көрсетсін, жолын сілтесін, ақылын айтсын.
Қазіргі кезде дүниесі бар, көзі ашық (кісішіліктен кем) ағалар өзіне керек дүниеге ғана қолы ашық. Ал, халыққа, інілерге, мұқтаж жандарға келгенде, олардың көзі – соқыр, қолы – сараң. Ал, кейбір ағалардың көзі де ашық, қолы да жомарт. Ақылынан, әңгімесінен сусындап, расында үлгі аламыз. Оларды аға деп сыйлап, көңілің марқая отырып қолын аласың.
Інілерге келсек, оны дұрыс жолға салатын да, бұрыс бағытқа жөнелтетін де – аға. Қисық өскен ағашты түзету қиын ғой, сол сияқты ағалар да бұл шаруаны ерте қолға алғаны абзал. Қолындағы барымен бөлісіп, қомқорлығын жасап, ағынан ақтарылып жатса, інілер олардан үлгі алады ғой, жолымен жүруге тырысады ғой, еліктейді ғой. Сондай ағалар көп болсын дегім келеді. Жалпы ешкімді кінәлап, ешкімнің сыртынан ғайбат айтудың қажеті шамалы. Дегеніменде әркім өзіне жауап бергені жөн шығар. Өйткені, бір-біріне бұра бергеннен кінәлі табылған емес, табылмайды да.
Адам бірінші әр нәрсені өзінен бастауы дұрыс шығар, содан кейін ғана ақыл айтқаны жөн болар. Жалпы екі жақта алдымен имандарын күшейтіп, дінге сүйіспеншілікпен қарап, көп ізденіс жасасын деп кеңес берер едім. Үйткені көп сұраққа жауап сонда. Бұлай дейтінім, өкінішке орай, кейбір ағаларымыз қызқұмар. Қысқа ойлап, алдамшы ләззатқа, көп уақыттарын жұмсауда. Солар негізі жетім-жесірлердің санын азайтып, сауапты іске күш салып, үлгілікке тұрарлық іс істеп жатса. Сол арқылы елге де, кейінгі інілеріне де жақсы көрінер еді. Дұрыс жолдың бағытың сілтейтің еді.
Аллаға шүкір қазіргі таңда кез келген ауылда да, қалада да мешіттер өте көп. Жалпы иманыңды күшейтіп біліммен сусынданғың келсе. Олардың есіктері күндіз түні ашық, тек талпынысың болса болды. Жалпы сол мешіттерге бас сұғып, уағыз-насихат тыңдасақ, міне, тәрбиенің нағыз құралы сол дер едім. Шариғат әңгімелері, діни хадистер, Құран жолдары сөзсіз адами қасиетті, патриотизмді, елге деген сүйіспеншілікті оятады.
– Сіз де бала болдыңыз, әке тәрбиесін көрдіңіз. Сол әкеден көрген тәрбиені балаларыңызға сіңіре алып жатсыз ба? Және ол қандай тәрбие, тағылым?
– Шынымды айтсам, бала тәрбиесінен аз-маз алыстап қалған жайым бар. Көпшілікке мәлім, бір жарым жылдай Англияда тұрдым, оқыдым, білім алдым. Бала-шағамды да сонша уақыт көрген жоқпын. Балаларымды сонша уақыт бойы бағып-қағып, оқытып келген келіншегіме Алла разы болсын. Әрине, әйел адамға мұның ауыр екенін сеземін, десе де әкелерінің орнын білдірмей, балаларға арқасүйер болған жарыма алғыс айтамын.
Ал өзім әкемді қатты сыйлаймын. Кішіпейіл, кең, қолы ашық оның жағдайы да керемет деуге келмейтін. Жай ғана жүргізуші болды өмір бойына. Ал менің жағдайым әкеммен салыстырғанда жақсы болғанымен, ол кісі сияқты көшеде кетіп бара жатқан адамды үйге кіргізіп, дастархан жайып, шайын беруге шамам келер емес. Ондайға уақытымыз да тапшы. Осындай тәрбиесін көрген әкемді үлгі тұтамын. Әр ортаның сәні болған оның «Ешкімнің маңдай терін, еңбегін жеме. Ешкімді ренжітпе, өзіңнен төменге тәкаппарлық жасама» деп үйреткені әлі күнге құлағымда. Өйткені, мұндай ғибрат оның жүрегінен шықты, сол үшін де менің жүрегімнің төрінен орын алды. Мен де соны балаларыма айтамын. Оларға кінәні көтеруді, мойындауды, кешірім сұрауды үйретемін. Біреуді себепті, себепсіз кінәлау ешқандай азаматтық емес екенін миларына сіңірсем деймін. Қандағы тектілікті сақтауды өсиеттеймін.
Әр ата-ана ұрпағының болашағынан үміт күтеді ғой, мен де олардан жақсы азаматтар шығатынына сенім білдіремін.
– Халыққа спорт саласы арқылы танылдыңыз. Қазіргі таңда ел іргесіне аяқ басып үлгерген теріс пиғылды ағымдар қатарына сіз секілді көпшілікке танымал немесе күші мығым, денелі, спортта дәрежесі бар азаматтарды тартатын сияқты. Осындай жағдайды байқадыңыз ба? Көзқарасыңыз қандай?
– Өте орынды және мені де мазалайтын сауал. Қазір кезде әлгі кері ағымда жүрген мықты азаматты көрдіңіз ба? Кері ағымда кім жүреді? Шындығына келгенде, кері ағымда әлсіздер жүреді! Айналасына өкпелі, реніші бар адамдар ілеседі жат пиғылдыларға. Сенбесеңіз, кез келгенімен тілдесіп көріңіз. Бәрінің ештеңеге көңілі толмайды. Ешкімге ештеңе дәлелдей алмаған жандар «Осы жолмен жүрсем, өзгеге бір нәрсені дәлелдеймін, көрсетемін» деген ниетпен жат ағымның жетегінде кетіп жүр. Мықтылығын дәлелдеймін деп, бос әуреге түскендер. Шын мәнісінде, амалдарының жоқтығынан адасқандар.
– Яғни, сіз сондай бауырларыңызбен бетпе-бет кездестіңіз ғой?..
– Көп кездестім. Спорттағы қандастарымыздың жат ағымдарға ілескендері жетерлік. Ауыр болса да, осыны мойындамасқа амалымыз жоқ. Бәрі де ренжулі, өкпелі жігіттер. Бір нәрсені дәлелдей алмай жүрген, істей алмай мазасы қашқан жігіттер.
Есі дұрыс, өзіне сенімді азамат ешқашан ағымның есігін ашпайды немесе қақпайды.
Рас, Ханафи мәзһабын ұстанатын жігіттер де көп, өте көп. Бірақ менің білуімше, жат ағымдықтар қармағына түсіретін жанды алдайтын көрінеді, қызықтыратын сияқты, қатарларына тарту үшін ештеңеден тайынбайтын сияқты.
Ертерек өкініп, дұрыс жолын тауып жатқандарда бар. Алайда, беті бері қарамайтындар да аз емес. Олардың бәрі – әлсіздер!
Дұрысы, төл дініміздің жолымен, ата-бабаларымыздың өсиетімен, қалып келе жатқан тариxи кұндылықтарымызды жоғалтпай жүрген абзал. Арабтың немесе парсының дәстүрі мен сөзін бізге әкелудің түк те керегі жоқ деп есептеймін жеке оз басым. Өзіміздің түбі терен, керемет тариxымыздың барында, атадан-балаға келе жатқан үзілмеген, ұлттық салт-дәстүріміз бен ана сүтімен келген, ғажайып осындай өз ана тіліміз барында, бізге ешкімге еліктеудің керегі жоқ. Егер бізге еліктемесе.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында рухани жаңғыру тақырыбын негізге алғаны мәлім. Өзіңіз басқарып отырған мекеме Елбасы Жолдауында айтылған міндеттер мен тапсырмаларды қалай орындауда, не істеп жатсыздар?
– «Тарлан батырлары» – шағын ғана мекеме. Десе де, әр өңірдегі филиалдарымыздың санын көбейтудеміз. Қазақстанның бес облысында бес спорт кешеніміз бар. Ең бастысы, Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасын жүзеге асыруға, нығайтуға күш салудамыз.
Спортқа тәрбиеленетін бір балаға жылына мемлекет қазынасынан 155 мың теңге аламыз. Содан кейін ата-ананың қалтасынан бір тиын да шықпайды, бізге келіп тегін қызмет алады. Біз спорттың бес түрінен – таэквондо, ауыр атлетика, бокс, дзюдо, еркін күрестен 400-500 жеткіншекке тәлім тәрбие береміз. Мені қуандыратыны да – осы. Біз жоғарыдағы спорт түрлерінен болашақ Олимпиада чемпиондарын дайындаудамыз. Бұдан бөлек, бізде фитнес залдарымызда мүмкіндігі шектеулі азаматтармен ауруға шалдыққан кісілер тегін жаттыққанға мүмкіндіктері бар. Ал оларға қызметті іріктеп алған кәсіби мамандарымыз көрсетеді. Күнделікті кешкі уақытта ақылы қызметтер ұсынамыз. Онда көптеген секциялар бар. Одан түскен қаражат ғимараттарды ұстап тұруға жұмсалады.
Тағы да оқыңыз:
Елімізге танымал әншіні жат ағымға кіріп кеткені үшін әкесі байлап ұстап отыр
Бала күнінде ауырып емханаға түскен қыз бен бала 20 жылдан соң үйленді (фото)