Бахтиёр Зайнутдинов "Бешикташтан" кетіп, мәскеулік "Динамо" ойыншысы атанды
Фото: instagram.com/fcdynamo
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиёр Зайнутдинов Түркияның "Бешикташ" клубындағы мансабын аяқтап, Ресейдің "Динамо" (Мәскеу) командасының қатарына қосылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол бұл клубта бұрын бірге жұмыс істеген бапкері Валерий Карпинмен қайта табысты. Айта кетсек, олар "Ростов" командасында бірге еңбек еткен болатын.
Мәскеулік клуб Зайнутдиновтың ауысуын әлеуметтік желідегі бейнеролик арқылы хабарлап, "Қош келдің, Бахтиёр Зайнутдинов!" деген жазба қалдырды.
Өз кезегінде қазақстандық футболшы да Instagram әлеуметтік желісінде түркиялық клубтың жанкүйерлерімен қоштасу жазбасын қалдырды.
"Қоштасар сәт те келіп жетті. Мен үшін тек команда емес, шынайы үйге айналған клубтан кетіп барамын.
Шын жүректен клуб басшылығына, бапкерлер құрамына, барлық қызметкерлер мен бірге жұмыс істеген әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Әсіресе, күнделікті қамқорлық танытқан қызметкерлерге және дәмді ас дайындаған аспаздарға алғысым шексіз. Командадағы серіктестеріме қолдаулары, құрметтері мен алаңдағы нағыз командалық рух үшін ерекше ризашылығымды білдіремін.
Әрине, жанкүйерлерге де үлкен алғыс! Сендердің құштарлықтарың, сенімдерің мен махаббаттарың әр матчта сезілді. Сендердің арқаларыңда мен бұл жейдені мақтанышпен кидім", – деді Зайнутдинов өз парақшасындағы жазбада.
Еске салайық, қазақстандық футболшы бұған дейін, 2019 бен 2023 жылдар аралығында, Ресей Премьер-лигасында "Ростов" және ЦСКА (Мәскеу) клубтарында ойнаған.
Айта кетейік, Бахтиер Зайнутдинов "Бешикташ" клубында екі маусым өнер көрсетті. Стамбулдық команда сапында 2023/2024 жылы футбол маусымында 37 ойын өткізіп бір гол соқса, 2024/2025 жылы 12 матчта ойнады.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
