Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағдат Әшімова жұбайы Асанәлі Әшімовтің алғашқы жары мен екі ұлының өлімі туралы айтты

Абыз актер, халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова Stan.kz тілшісіне сұхбат берді. Өткен өмірі мен жастық шағы туралы ағынан жарылған ол жұрт біле бермейтін сырларын ақтарды. Өзінен 34 жас үлкен актердің жары болудың артықшылықтары мен оның ортасы қалай қабылдағанын жасырмай айтты. Алғашында “атағына қызығып келді”, “жағдайын жасап алмақшы” деген қаңқу сөздерге мән бермей, тек жарының жағдайын жасауды ойладым дейді ол. Сұхбат барысында актердің алғашқы жұбайы мен екі ұлының өлімінің себебі туралы да ашып айтты. 

– Балалық шағыңыз туралы айта кетсеңіз ...

– Мен өзі Алматы облысында туғанмын. Отбасында сегіз ағайындымыз: төрт ұл, төрт қыздың ішінде жетіншісі болып өстім. 15 жасыма дейін сол жақта білім алып, содан кейін Алматыға келдім. Мұнда медициналық училищеде білім алып, медбике болып жұмыс істедім.

Менің анам үй шаруасындағы кісі. Әкең келеді, әкеңнің қас-қабағына қара деп жиі айтатын. Өзі көп сөйлемейтін, бірақ нық айтып, ақырын ғана ойын жеткізеді. Әкем мені ұл бала секілді етіп өсірді. Есімімді де Бағдат деп атап жігіттердің атын берген.

– Жас кезіңізде болашақ жарыңызды қалай елестететін едіңіз?

– Әр қыз болашақ жарым әкеме ұқсаса екен деп ойлайды. Мен де әкем сияқты болғанын қаладым. Әкем сұсты, қатал, бір сөзді, қабағымен басқаратын адам еді. Күлмейтін, қабағы қалың адам. Өз күйеуімді де солай елестететінмін. Мысы басып тұратын, сұсты жігіт болса деп ойлайтынмын. Менің өзім мінезім де жай емес, алғыр болып өстім. 

Ауылда тұрғанда жеңгелерімнің жылап-сықтап қалатынын көретінмін. Сонда жеңгелеріме күлетінмін “сендер сияқты күл шығарып, көмір тасып өмір сүрмеймін, не өмір мынау” деп далаға шығып кейде айқайлайтынмын. Ауылдың өміріне кейде тұншығып кететін едім. Жеңгелерім, осы қыздың есі дұрыс емес, аспаннан жерге түссеңші деп ұрысатын. 

– Тұрмысқа 31 жасыңызда шыққансыз. Сізге осы жасыңызға дейін бірде-бір жігіт сөз айтпады дегенге сенбеймін… 

– Бізді оқы, білім ал деп тәрбиеледі. Оқуды бітіріп, диплом алған соң жұмыс істедік, сол уақытта 90-жылдардағы аумалы-төкпелі заман басталып, жұмыстан айырылдық. Ал 1992 жылы Қытай шекарасы ашылды. Медициналық жұмысымды тастап, Қытайдан тауар әкеліп сата бастадым. Көлік саттым. Сегіз жыл жұмыс істеппін. Қытайға барып  тауар алып, оны облыстарға таратамын. Үлкен отбасы болған соң өзімнен алдыңғы бауырларым мен олардың балаларын киіндіруім керек, соларға жетсін деп жүрдім. Отбасымды асырауым керек деген мойныма жүк артып алғанмын. Мен киіндірмесем, қарап бақпасам, солар жақсы өмір сүре алмайтындай болып көрінетін. 

Солай жүргенде жасым 30-ға таяғанын байқамай қалдым. Отбасын құрып, тұрмысқа шығу керек деп жан-жағыма көз салғанда менің қатарластарымның бәрі үйлі болып кеткен. Ал біреуге көңілдес болуға менің арым жіберген жоқ. 8 жылдан кейін мен қайтадан медбике болып жұмысқа кірдім.

Үйдегілер мені қашан тұрмыс құрасың деп қақпайлаған жоқ. Еркін болдым. Бірақ 27-28 жасқа келгенде өзіме тең азаматты іздей бастағаным рас. Көк етіктіні кездестірмедім, көне етіктіні менсінбедім дегенім бар Асекеңе. Өзім ақша тауып, өзім жетілген соң, мені қыз екен ғой деп қараған адам болған жоқ. Өзім кәсіпкер болып, екінің бірі істей алмайтын жұмысты алып жүргеннен кейін менің маңыма жақындауға қорықты. 

– Асанәлі аға танысқандарыңыз туралы көп жерде айтады. Ал сіз танысқан сәт туралы қалай есіңізге аласыз?

– Асекең отбасыда бес адам болған. Анасы, жары және екі ұлы боп тұрыпты. Біздің ауруханаға емделуге келгенде жары мен екі ұлынан айырылып, жалғыз жұбанышы анасынан да айырылып жалғыз қалған кезі екен. Анасының қырқын өткізіп келіп, ауруханаға жатқанда өмірде бірінші рет көрдім. 

Алғаш рет дәлізде көріп қалғаннан кейін ол кісі мені жиі іздей бастады, сұрастырып, бір күні қасына шақырып алып “Жан бөлек” деген кітабын сыйға берді. Соны оқып отырып, мен мына кісіні бақытты етер ме едім деп ойладым. Содан ол кісі маған жары болуға ұсыныс тастады. Серігім болуға жарайтын адам екенсің дегенде құлап қала жаздадым. Үйдегілермен ақылдасайын деп рұқсат сұрадым. Анам қарсы болды. Бірден болмайды деп айтты. Ағам да басында қабылдай алмады. Қатты ашуланып, үстелді бір ұрғаны есімде. Әкем үндеген жоқ. 

Үйдегілердің осындай реакциясынан кейін болмайтынын түсіндім. Асекеңе хабарласып, болмайтынын айттым, Уақыт емші деп күтуді сұрады. Ертеңіне ауылдан қайтарда анам “сен ол адамның бабын таба алмайсың, өте қатал адам” деп анам қарсылығын айтты.

Уақыт өте келе әке-шешеме қайта келіп, Асекеңмен бір болатынымды айтып едім. Бұл жолы рұқсаттарын берді. Сонымен, кішігірім той жоралғысы жасалып, шаңырақ көтердік.

Ұзатылмай тұрып, Асекең өз ортасындағы түрлі жиналыстарға алып барып жүрді. Сынай қарағандар, таңырқап қарағандар, менсінбегендер де болды. Бірақ мен жұрттың сөзіне қараған жоқпын. “Асанәлі танымал кісі. Атағына қызықты, өзінің жағдайын жасау үшін келді” деген әңгімелер де тарады. Сол кездері менің арым таза мен осы жолды таңдадым деп ешкімнің сөзіне мән бермедім. 

– Асанәлі ағаның алғашқы жары мен екі ұлының өлімі туралы түрлі сөздер бар. Неден қайтыс болғаны туралы да көп жерде айтыла бермейді. Ол кісілер туралы Асан аға қандай естеліктер айтады?

– Майра апайды Асекең үлкен құрметпен еске алады. Еңбек сіңірген қайраткер бола тұра, әншілік өнерін тұншықтырып,  отбасын бірінші орынға қойған. Майра жақсы болғандықтан мен үй шаруасына араласқан жоқпын. Соның арқасында осындай жетістікке жеттім деп алғысын айтып отырады. 

Асекең, әттең, жұмыс деп жүріп, балаларыма көп көңіл бөле алмаппын, неге көбірек еркелетпедім, неге құшақтап отырмадым деп қазір өкінеді … 

Мәди – үлкен баласы, тұйықтау болған. Ол панкреатит болып, отадан кейін оңала алмай 4 ай ауруханада жатып көз жұмған. Асанәлі ағаларың “көз алдымда солғанда қолымнан еш шара келмеді” деп қиналады. Бұл кісінің де жанына бататыны да сол  –бір жылда екі баласынан айырылып қалуы. Жылдың басы қаңтар айында Мәдидің, ал сол жылдың қараша айында Сағидың өмірден өтуі есеңгіретіп жіберген. Сағидің бұрынан жүрегі ауыратын. Сол күні өзі отбасы жанұясы бола тұра келіп апаның жанына жатады. Содан оянбаған. Осы уақытқа дейін неге емделмеді, неге айтпады – жұмбақ. Ақкөңіл бала айтпай жүре берген, кейін қайтқаннан кейін бір кездері инсульт алғанын анықтадық. 

Мәдидың ауруханада төрт ай жатқанын, жағдайының жақсармағанын көріп, Асекең  өзін іштей дайындаған болуы керек. Ал Сағидан бір түнде айырылып қалғанда, “табаным астындағы жерді сезбей қалдым” дегені бар. Асанәлі ағаларың іші өксікке толып, күйік кернеп кеткенде Теренқұрмен жоғары шығып, тау жаққа айқайлап-айқалап келеді екен. 

Майра апай 1993 жылы ауырған. Бір жылға жуық мыңнан бір адамда кездесетін өте сирек ауруға шалдыққан. Склеродермия деген диагноз қойылған. Ол ауру бүкіл ішкі ағзаларды біртіндеп жейді екен. Асан ағаларың жарын аман алып қалу үшін, тіпті Германия мен Мәукеудегі ең танымал аурауханаларғада алып барған. Германиядан аппаратпен алып келіп содан оянбады деді.

Әйелінің соңғы демі шыққанда Асекең жанында бола алмаған. Соқырішек болып, ауруханаға түсіп қалыпты. Сонда Асекеңмен қоштасу үшін Майра тәтенің табытын алып, аурухананың қорасына алып барған. Асекеңді ауруханадан шығармай қойған. Отадан кейін жара қайтадан жарылып кетеді. Сонда “кетіп бара жатып та менімен келіп қоштасып кетті ” дейді Асекең. Жаназасына да қатыса алмаған ол топырақты шүберекке түйіп беріп жіберген. 

Майра қайтыс болғанда “Майраның әні” деген кітап жазыпты. Ішқұсалықтан сол құтқарды мені деп айтып отырады. 1999 жылы бір жылда екі ұлынан айырылыған ол барлық жерден жұмыстан шығып кетеді. Киноға түспей, театрда ойнамай қояды. Тек араға 10 жылға жуық уақыт салып, өнерге қайта оралды. 

 

Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтемеге өтіп, Youtube арнамыздан көре аласыздар: 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК 

Сәкен ҚҰЛМАН 

Талқылау