"Бағдаршамдар жұмыс істемей, көшелерде кептеліс пайда болды": Алматының бір бөлігі бірнеше сағат жарықсыз қалды
Фото: "Алматы электр желілері компаниясы” АҚ
Алматының Алатау ауданында тұрғындар бірнеше сағат бойы жарықсыз отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Almaty Arena маңындағы шағын аудандарда екі сағаттан астам уақыт бойы электр жарығы жоқ. Адамдар жарықсыз және ұялы байланыссыз қалған.
Тұрғындардың айтуынша, бағдаршамдар жұмыс істемей, көшелерде кептеліс пайда болған. Ұзақ уақыт бойы қиылыстарда полиция болмағандықтан, адамдар өздері қозғалысты реттеуге мәжбүр болған көрінеді.
"Алматы электр желілері" компаниясы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
“2025 жылдың 13 қарашасында ЖЭО-2 нысанында 110 кВ №124А және №101А электр жеткізу желілерінде апатты ажырату жағдайы тіркелді. Нәтижесінде Алматы қаласының Алатау ауданындағы бірқатар тұтынушылар жарықсыз қалды. Атап айтқанда, Ақбұлақ, Алғабас, Ақкент, Саялы, Теректі, Ғажайып, Көксай, Нұркент, Дарабоз, Зерделі шағын аудандары мен Райымбек даңғылы – Момышұлы – Мөнке би көшелері бойындағы аумақтарда электр қуаты уақытша өшірілді”, – делінген хабарламада.
Компанияның мәліметінше, оқиға орнында апатты қалпына келтіру бригадалары, Алатау ауданы әкімдігінің қызметкерлері жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта мамандар апаттың себебін анықтап, электр энергиясын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік
Алматының ауруханасында жұмыс істейтін дәрігерлер 160-250 мың теңге алады
Қазақстанда биыл БАҚ өкілдерін марапаттауға 35,2 миллион теңге бөлінген
Ал 2021 жылы журналистерді ынталандыруға тек 14,5 миллион теңге бөлінген