Бағанашылдағы балалар үйі ақыры Қонаевқа көшірілетін болды
Фото: 2Gis
Балалар омбудсмені Динара Зәкиева желідегі парақшасында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке балалар үйіндегі балаларды Қонаевқа көшіру мәселесі бойынша хабарласқанын жазды. Әкім оған балалардың барлығы бірдей көшірілмейтінін, Бағанашылда тұрып, білім алып жатқан балалар оқуын аяқтағанша сол балалар үйінде қалатынын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дегенмен облыстық балаларды қолдау орталығы Бағанашылда уақытша тұрып жатқан балалармен бірге Қонаевтағы жаңа балалар үйіне көшіріледі.
"Әкімдік балалар жағдайды көруі үшін барлық балаға экскурсия өткізгісі келетінін түсіндірді, содан кейін жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүруі үшін кіші жастағы балалармен көшу жайын талқыламақ", – деп жазды омбудсмен.
Зәкиева балалардың пікірін ескеріп, олардың құқықтарын сақтай отырып, барлық шешім ашық түрде қабылдануын сұраған.
Еске салсақ, осы жылдың наурыз айында Алматыда Бағанашыл шағынауданында орналасқан №1 Алматы облыстық балалар үйі жазда Қонаевқа көшірілетіні туралы ақпарат тарап, балалар үйінің түлектері нысанның Қонаевқа көшірілуіне наразылық білдірген еді. Ел ішінде балалар үйінің орнына элиталық тұрғын үй салынады деген сыбыс тараған.
Желіде пайда болған шудан кейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездескенін, балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаевқа көшірілмейтінін мәлімдеген.
11 шілдеде мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында мекемені көшіру туралы бұйрықтың көшірмесін жариялап, билік өкілдерінен ресми түсініктеме беруді талап етті.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
