Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бағанашыл" балалар үйіндегі дау: Мемлекеттік қызметкердің балалармен сөйлесу мәнері жұрттың ашуын туғызды (видео)

Мадияр Шәріпов және балалар үйіндегі балаларды көшіру сәтіФото: коллаж

"Бағанашылдағы" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа көшіру кезіндегі мемлекеттік қызметкердің кәмелетке толмағандармен сөйлесу мәнері қазақстандықтарды ашуландырды. Алматы облысының білім басқармасы осы жағдайға түсініктеме беріп, қызметкерге қандай шара қолданылғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Балаларды көшіру кезінде мемлекеттік қызметкердің тәрбиеленушілермен "Е, братан" деп этикаға жат мәнерде сөйлесіп тұрған сәті видеоға түсіп қалған. Шенеуніктің бұл әрекеті көпшіліктің наразылығын тудырды. Кейін ол шенеуніктің Алматы облысы білім басқармасының маманы Мадияр Шәріпов екені белгілі болды. Видеода оның Алматыдан Қонаевқа әкеткелі жатқан балалармен сөйлесіп тұрғаны көрсетілген.

"Е, бауырым... Еркекпіз ғой, келісеміз... Е, бауырым, мен сені түсінемін, сен де мені түсінгін..." деп балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қарады.

Білім басқармасы өкілдерінің мәліметінше, Мадияр Шәріпов жұмысқа бір ай бұрын қабылданған және сынақ мерзімінде болған.

"Оның бейнежазбадағы сөздері мемлекеттік қызметкер этикасы талаптарына сай келмейді. Осыған байланысты онымен түсіндіру жұмысы жүргізіліп, алдағы уақытта мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтыны ескертілді. Алдағы уақытта оның кәсіби қызметі мен коммуникациясы басқарма басшылығының тұрақты бақылауында болады", - деп мәлімдеді ведомстводан.

Сондай-ақ басқарма өкілдері қызметкерінің "этикаға жат қарым-қатынасы" үшін кешірім сұрады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еркінен тыс көшіру қоғамда наразылық тудырды. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл әрекетті заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы деп атап өтті. 

Кейін Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырғаны мәлім болды. Президент Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және бұл нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 16:57
Талқылау
`