"Бағанашыл" балалар үйіндегі балалар сол орталықта қалатын болды
Фото: airpres.kz
“Бағанашыл” балалар үйінің тәрбиеленушілері өз орталығы аумағында тұрып, Алматы қаласында білім алуын жалғастырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері нысанды қаланың қарамағына беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
“Тәрбиеленушілерге заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында балалар үйінің ғимаратына кешенді қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, бұл техникалық зерттеу, жобалау-сметалық құжаттама дайындау, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, тиісті конкурстық рәсімдерден өткеннен кейін ғана келесі жылы басталады”, – делінген хабарламада.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде балаларды уақытша орналастыру мәселесі қауіпсіздік талаптары мен қажетті тұрмыс жағдайын ескеріле отырып шешіледі. Балалар бірінен-бірі бөлінбейді.
Тәрбиеленушілер Алматы қаласындағы қазір өздері оқып жүрген мектепте білім алуын жалғастырады.
Балалар үйінің ғимаратынан балаларды Қонаев қаласына көшіру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету Алматы қаласы әкімдігінің және оқу-ағарту министрлігінің басты назарында. Балалардың оқуы мен тұрмыс жайы әрдайым жіті бақылауда болады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еркінен тыс көшіру қоғамда наразылық тудырды. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл әрекетті заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы деп атап өтті.
Кейін Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырғаны мәлім болды. Президент Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және бұл нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
