Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баға өсе береді": Қазақстандық диқандар қытайлық картоп импортына байланысты дабыл қағуда

КартопФото: gov.kz

Қазақстандық шаруалар Қытайдан картопты бажсыз әкелуді шектеуді талап етіп отыр. Картоп өсірушілер сұранысқа ие әлеуметтік көкөніс импорты отандық өндірушілердің ғана емес, тұтынушылардың да қалтасына салмақ салып отырғанына сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ерте егілген қазақстандық картоптардың сатылымға шыққанына біраз болды. Қазір картоптың ең төменгі бағасы 250-300 теңге болса, 600 теңгеден де сатылып жатқандары бар. Қыркүйекте өнімнің басым бөлігі жиналғанда, баға түсуі мүмкін. Биыл елімізде егіс көлемі ұлғайып, диқандар мол өнім аламыз деп болжап отыр.

"Өткен жылғыдан кем өнім алмаймыз деп болжап отырмыз. Өткен жылы өнім өте жақсы болды. Сондықтан картоп тапшылығы болмайды. Алайда бәрі өнім жиналғаннан кейін белгілі болады. Өткен жылғыдай ауа райына байланысты қиындықтар болса, дайын өнімнің өзі ысырап болуы ықтимал", – дейді Картоп және көкөніс өндірушілер одағының төрағасы Байжан Уалханов .

Өткен жылы көрші Ресейдегі көкөніс қоры таусылғандықтан, қазақстандық картоптың едәуір бөлігі экспортқа шығарылды. Содан баға көтеріліп, билік экспортқа тыйым салуға мәжбүр болды. Бұған қоса үкімет Қытайдан арзан картопты бажсыз әкелуге рұқсат берді, бұл шара әлі де қолданылып келеді. Импорт өскендіктен, алыпсатарлар бағаны көтеріп жіберді.

"Қазіргі тенденцияларды ескерсек, импорт отандық өнімді ығыстырып, отандық өндірушілер бәсекеге төтеп бере алмаса, баға өсе береді. Бұл, әсіресе, қор таусылған қыс мезгіліне жақынырақ байқалады", – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

 

Қазақстандық өнімнің сырттан әкелінетін картоппен бәсекеге түсуі қиын. Өйткені өзіндік құны жоғары. Техника, тұқым, тыңайтқыш – бәрі сырттан әкелінеді. Ал Қытайда ауқымды өндіріс пен логистиканың арқасында картоп арзанырақ. Жанар-жағармай бағасының жоғарылығы мен арзан несиеге қол жетімсіздік те бағаға әсер етеді, дейді мамандар, жұмыс күшінің тапшылығы, қоймадағы шығын мен көкөніс сақтайтын қоймалардың тапшылығы тағы бар.

"Бағаны ұстап тұру үшін ауылшаруашылығы саласындағы тиімділікті, еңбек өнімділігін арттыру қажет. Бұл тек өсімдік шаруашылығына ғана емес, мал шаруашылығына да қатысты. Өйткені шағын шаруа қожалықтары үнемі толық қамтамасыз ете бермейді. Олар үнемі жаңа агротехнологияларды пайдаланып, қандай да бір механикаландыруды енгізе алмайды", – дейді экономист Арман Байғанов.

Мамандардың айтуынша, бұл мәселенің шешімі – заманауи технологияларды қолдана алатын ірі және орта шаруашылықтарды дамыту. Сондай-ақ аграрлық ғылым мен тұқым шаруашылығын дамыту және импортты мемлекеттік реттеу қажет.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 31 Шілде, 2025 16:59
Талқылау
`