Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БАД ішіп емделмек болған: Алматылық әйелдің денесінен салмағы 25 келі болатын қатерлі ісік алынды

Фото: t.me/DenMinPR

Алматыда дәрігерлер 68 жастағы әйелдің денесінен салмағы шамамен 25 келі болатын алып қатерлі ісікті алып тастады. Әйел соңына дейін биологиялық белсенді қоспалармен (ББҚ/БАД) емделуге тырысып, жағдайы күрт нашарлағаннан кейін ғана дәрігерлерден көмек сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әйел ұзақ уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбей, дәстүрлі емес емдеу тәсілдеріне жүгінген.

Науқастың өзінің айтуынша, ол шамамен бір жарым-екі ай бойы ауырып жүрген. Осы кезеңде зейнеткер әртүрлі биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) қабылдап, жағдайының жақсаруын күткен, алайда ісік жылдам өсуін жалғастырған.

Туыстары әйелдің ББҚ сатып алу үшін тіпті несие де рәсімдегенін айтады.

Тек жағдайы күрт нашарлаған кезде ғана дәрігерлердің көмегіне жүгінуге бел байлаған. Алматы онкологиялық орталығында оған тексеру жүргізіліп, әйелдің құрсақ қуысы мен кіші жамбас аймағында үлкен ісік анықталды.

“Ісік 55-ке 35 сантиметрді құрап, іш қуысын толығымен толтырып, жамбас қуысына дейін созылды. Дәрігерлер қажетті ота алдындағы дайындықты жүргізгеннен кейін шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдады”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Ота шамамен 2,5 сағатқа созылды. Дәрігерлер ісікті күрделі түрде біріктіріп алып тастап, сонымен қатар құрсақ арты аймағында қажетті қосымша процедуралар жүргізген.

“Алынған ісіктің салмағы шамамен 25 келіні құрады. Гистологиялық зерттеу нәтижесінде некроз аймақтары бар дифференциалданған ретроперитонеальды липосаркома диагнозы қойылды, бұл қатерлі ісікті растады”, – делінген хабарламада. 

Науқас қазір химиотерапиядан өтуде және мамандардың бақылауында.

Еске салсақ, бұған дейін павлодарлық әйелдің денесінен 19 литр болатын үлкен ісік алып тасталғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 20 Наурыз, 2026 18:30