БАӘ-де өлтірілген ресейлік криптокәсіпкер мен әйелінің мәйіті шөл даладан табылды

Фото: Instagram/t0r/Роман Новак пен оның әйелі Анна
Біріккен Араб Әмірліктерінде шөл даладан қазан айында өлтірілген криптобизнесмен Роман Новак пен оның әйелі Аннаның мәйіттері табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РБК басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
78.ru деректеріне сәйкес, ерлі-зайыптылардың сүйектері шамамен екі апта бұрын иен жерде табылған. РБК-ға құқық қорғау органдарындағы дереккөзіне сенсек, марқұмдардың мәйітін Араб Әмірлігінің полициясы қараша айында тапқан.
47news хабарлауынша, мүрделер қалың қара полиэтиленнен жасалған қаптарға салынып, олардың ішіне күшті еріткіштер төгілген. Ерлі-зайыптылардың сүйектерін табу үшін полиция шөл даланың шамамен 250 мың шаршы метр аумағын тексерген. Қазір денелерді жерлеу үшін Ресейге жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
47news қастандықпен өлтірілген ерлі-зайыптылардың денелері бөлшектеліп, пакеттерге салынып, Хаттадағы сауда орталығы маңындағы әртүрлі контейнерлерге қалдырылған деген ақпаратты жоққа шығарды.
Роман Новак жедел криптовалюта аударымдарына арналған Fintopio қосымшасының негізін қалаушы ретінде танылған. Ол жобаға шамамен 500 миллион доллар инвестиция тартқаннан кейін, ақшамен бірге қашып кеткен. Салдарынан Fintopio қызметкерлері жалақысыз қалды, ал Қытай мен Таяу Шығыс кәсіпкерлері бар инвесторлар ақшасынан айырылды.
Инвесторларды жобаға сендіру үшін Роман Новак араб ханзадаларымен және Telegram негізін қалаушы Павел Дуровпен таныс екенін айтқан. Дуров бұл таныстықты растамады.
2020 жылдың қараша айында Новак алаяқтық жасағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оның “Спорт в народ” жобасының бірігіп иеленушісінен 100 мың доллар жымқыру жоспарын әзірлегенін анықтаған. Ресейде кәсіпкердің 7 миллион рубль көлемінде қарызы да қалған. Новакқа қатысты тоғыз атқарушылық іс қозғалған, оның алтауы кәсіпкердің мүлкі болмағандықтан тоқтатылған.
Новак пен оның жұбайын биыл қазан айында ұрлап кеткен. Оларды криптоәмиянға кіру кодтарын талап етіп азаптаған. Ақыры қылмыскерлер оларды өлтіріп, денелері шөл даладан табылды.
47.ru мәліметінше, бұл қылмысты 53 жастағы Константин Шахта, 46 жастағы Юрий Шарыпoв және 45 жастағы Владимир Далекин ұйымдастырған. Екі үлкені — Ленинградтығ тумасы, ал үшіншісі — Қазақстанның Теміртау қаласынан. Олар қылмыстан кейін қайтып барған Санкт-Петербургте ұсталған.