Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүйрек ауыстырған қыздың анасы: Жәмила ауырып жатқанда бейтаныс әжей келіп батасын беріп кетті

Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласының тұрғыны Жәмила Байсерікованың өмірінде болған жағдайдан бүгінде республика жұртшылығы құлағдар.

Екі бүйрегі бірдей істен шығып, қанды тазартатын гемодиализ аппаратының көмегімен ғана өмір сүріп жатқан қызға жылы сөзімен, тілек-дұғасымен және қаржысымен жәрдемдескен жандар жүздеп, тіпті мыңдап саналады. Таяуда Жәмилаға батысқазақстандық Абзал Әділов есімді азамат (суретте Жәмиланың анасы Құрманкүл Құлмырзаевамен бірге) бір бүйрегін берген болатын. Сол аралықта Жәмилаға бірнеше күрделі операциялар жасал­ған еді. Қазір оның жағдайы жақсы, бүгінде дәрігерлердің бақылауында тиісті ем-домын алып жатыр, деп жазады Замана. 

«Әуелі Аллаға сансыз шүкірлер айтамын, – дейді Жәмиланың анасы Құрманкүл Құлмырзаева. – Қиналған сәттерде сөзімен, ісімен көмектескен азаматтардың баршасына айтар алғысым шексіз. Жәмилаға бір бүйрегін берген Абзал балама да алғысым көп.

Біз әсіресе Алматыдағы Мәулен Алғазы бастаған «Қайырымды жастар» еріктілер тобына деген жүрекжарды алғысымызды ерекше айтып жеткізгіміз келеді. Олар бізді Жәмилаға бүйрегін беруді шешкен Абзалмен таныстырды. Кейін Абзал бізбен үнемі бірге жүрді.

Операцияны Алматыда жасау керек болғасын ол жаққа барғанымызда Жәмила қатты ауырып, ауруханаға түсіп қалған еді. Сол бір қиын сәттерде Абзал мен алматылық қайырымды жастар үнемі жанымнан табылып, дем беріп отырды. Біз онда үш ай бойы пәтер жалдап тұрдық, сонда олар бізге тұратын жер тауып беріп, екі айдың пәтерақысын өздері төледі, басқадай да көмектер көрсетті. Ал пәтердің бір айлық ақысын «Өнер қырандарындағы» Құдірет деген жігіт төледі.

Біздің шымкенттік қайырымды жастарға да айтар алғысымыз көп. Өкінішке қарай, Жансая деген қыздан басқасының есімі қазір есімде жоқ. Қиын сәттерде жанымыздан табылып, қолдан келген жәрдемін жасаған ол жастарға да үлкен рахмет!

Жәмила ауырып жатқанда келіп, 5 мың теңге беріп, ізгі тілегін, батасын беріп кеткен бір апа бар еді, ол кісінің аты да есімде қалмапты. Ол апаға да Алла разы болсын деймін. Жалпы, қиын сәттерде демеп, қолдау көрсеткен халыққа біздің айтар алғысымыз таусылмайды».

…Жәмиланың анасы осылай деп ағынан жарылды. Біз ол кісінің жанында жүргенАбзал Әділовпен де бір-екі ауыз тілдестік. Ол бір бүйрегін бергесін алғашында біраз қиналғанын, дегенмен қазір жағдайы қалыпқа келгенін айтты.

«Ең бастысы, адам өміріне араша болдық, – дейді Абзал. – Сол көңілге медеу. Қиын сәттерде Жәмиланың тілеуін тілеп, оған көмек көрсеткен барша жандарға менің де айтар алғысым бар. Жақсылықтары еселеп қайтсын!»

Абзал Шымкентте екі-үш күн болғасын еліне – Батыс Қазақстанға қайтады екен. Енді оның Жәмиламен, оның отбасымен байланысы үзілмесі анық. Осы орайда біз оған қайда жүрсең де аман бол, жасаған жақсылығың алдыңнан еселеп қайтсын, мұрат-мақсаттарыңа жете бер деген тілек білдіреміз.

Жәмиланың анасымен сөз арасында оларға әлі де болса қолы ашық азаматтардан қаржылай көмек керегі жөнінде естідік. Өйткені қазір олар Шымкент­те пәтер жалдап тұрып жатыр. Жәмиланың әкесінің тапқаны пәтер ақысын өтеуге жұмсалады, ал анасы болса, жұмыссыз, қызының күтімінде. Оларға кейбір қажетті дәрілерді, азық-түлік, керекті киім алу үшін де қаржы қажет. Осы орайда бүгінде емделу-оңалу үстіндегі Жәмила мен оның күтіміне қарап отырған анасына қаржы жағынан жәрдем беремін дейтін азаматтар болса, Құрманкүл Құлмырзаевамен телефон арқылы байланыса алады.

Тағы да оқыңыз:

Қылмыс әлемінде «Баха-Фестиваль» деген лақап атпен танылған Бақыткелді Баясов деген кім?

Шымкент жастары бүйрегін бейтаныс қызға берген жігітке ақша жинап берді

Асанәлі Әшімов: Ұлымды фильм рөліне дайындау үшін қара су мен нан беріп әбден жүдеттім

Талқылау