Жалақы дауы: Азия чемпионы еңбекақысының негізсіз қысқарғанын айтып, шағымдануда
Фото:ҰОК
Жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Софья Сподаренконың жалақысы негізсіз түрде екі есеге жуық қысқарғаны туралы айтқан сөзі қоғамда резонанс тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrisport.kz сайтына сілтема жасап хабарлайды.
Ислам ынтымақтастық ойындарының екі дүркін чемпионы, Азия чемпионы және Қазақстан чемпионы Софья Сподаренко 22 қарашада Tengri Sport-қа берген сұхбатында өз жетістіктерінің өңірлік құжаттарда толық көрсетілмегендігін айтты. Сол себепті спортшының жалақысы 320 мыңнан 194 мың теңгеге дейін қысқартқанын мәлімдеген еді.
Даудан кейін Түркістан облысының спорт басқармасы ресми түсініктеме берді. Ведомство өз әрекеттерін заңға сай деп санайды. Онда Сподаренконың гидрокостюм алуға берген өтініші қаралғаны, алайда қажетті қаржыландыру болмағандықтан жабдық сатып алу мүмкін болмағаны айтылған. Сондай-ақ Ресейге жаттығу жиындары мен сапарлар бекітілген күнтізбелік жоспарға енбегендіктен, оларға қаржы бөлінбегені көрсетілген.
Түркістан облысының әкімдігі де спортшыға оның мәртебесіне сәйкес барлық қажетті қолдау көрсетілгенін хабарлады.
"Софья Сподаренко – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан азаматтығын қайта алғаннан кейін облыс оған спорттық мансабын жалғастырып, ресми жарыстарға қатысуға және аймақтық құрамаға қосылуға жағдай жасады. Биыл спортшының нәтижелері жақсарды", – делінген әкімдік мәлімдемесінде.
Софья Сподаренко Өскеменде дүниеге келген. Қазақстан азаматтығын қайта алғанға дейін ол ұзақ жылдар бойы Ресей құрамасында өнер көрсетті.
2023 жылы ол 50 метрге баттерфляй жүзуден Қазақстан рекордын жаңартты. Ал 2024 жылы дәл осы қашықтықта Азия чемпионы атанды. 2025 жылы Азия чемпионатында үш қола медаль жеңіп алды. Бұған қоса Ислам ынтымақтастық ойындарында екі алтын медаль иеленді.
Ата-анамызды асырауға біз міндеттіміз бе?: Бұл сұрақ қазақстандықтардың пікірін екіге бөлді

