Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Азия чемпионаты: Қазақстан боксшылары төрт финалда өзбек спортшыларынан жеңілді

Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

Бангкокта өткен алғашқы тарихи жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық төрт боксшы алтын медаль үшін өткен финалда өзбек қарсыластарына есе жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Таиланд астанасы Бангкокта World Boxing ұйымы ұйымдастырған жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионаты аяқталды. Жарыста Қазақстан құрамасынан үш спортшы финалға шығып, алтын медаль үшін өткен бәсекеде қарсыластарына есе жіберді.

60 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Әділет Тортыбек финалда ирандық Али Чехреганимен жұдырықтасып, тартысты өткен жекпе-жекте төрешілердің бөлек шешімі бойынша ұтылып, күміс медаль иеленді.

U-19 санатындағы 70 келіге дейінгі салмақта Бейбарыс Әшірбай өзбекстандық Абдулазиз Джурақұловпен рингке шықты. Қатаң бәсекеге толы финал соңында төрешілердің шешімімен жеңіс Джурақұловқа берілді. Осылайша, өзбек боксшысы чемпион атанса, Әшірбай екінші орынмен шектелді.

80 келі салмақ дәрежесінде өткен финалда Тимур Тайбеков те өзбекстандық Норбек Абдуллаевқа 1:4 есебімен жол берді. Қарсыласы алтын жүлдегер атанып, Тайбеков күміс медальға ие болды.

Сондай-ақ 85 келіде бақ сынаған Нұрсұлтан Қыстаубай өзбек спортшысы Самир Собировпен кездесіп, 0:5 есебімен жеңіліс тапты.

Айта кетейік, бұл жарыста U-19 және U-22 санатындағы боксшылар сынға түсті. Бангкоктағы турнир – Азия аумағында World Boxing ұйымы өткізген алғашқы жастар чемпионаты ретінде спорт тарихына енді.

Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары арасындағы алғашқы финалдық жекпе-жек туралы хабарлаған едік. Сонымен қатар құрлық додасының алғашқы алтын жүлдесін ұтқан қазақстандық боксшы Құралай Егінбайқызының ақтық сындағы өнері жайлы да жазған болатынбыз.

Абылайхан Палмағанбет
Жексенбі, 10 Тамыз, 2025 14:44
Талқылау
`