230 миллиард жымқырған "Азия Авто" компаниясының экс-басшылары Балушкин мен Сағымбаев Қазақстанға қайтарылмайтын болды
Фото: bipekofficial
Ресей Қазақстанға "Азия Авто" компаниясының бұрынғы басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевты Ресей Федерациясы азаматтары болғандықтан, беруден бас тартты. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылдың маусымында Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Балушкин мен Сағымбаевтың кінәсін мойындау жөніндегі үкімді күшінде қалдырды. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 115,98 млрд теңге көлемінде материалдық шығын өндіру және келтірілген залалды өтеу үшін бірқатар активтерді өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сот қаулысында қылмыстық қудалау органы экс-басшыларды Ресейден экстрадициялау шараларын қабылдағаны көрсетілген.
"Ресей Федерациясының құзыретті органдары Ресейдің қауіпсіздігі мен егемендігіне нұқсан келтіру қаупімен Балушкин мен Сағымбаевты беруден, сондай-ақ олардың Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи, Новосибирск және Краснодар қалаларында орналасқан жылжымайтын мүлкіне тыйым салудан бас тартты", - делінген құжатта.
Өндірілуге жататын мүлік тізімі сот қаулысының 18 бетін қамтиды.
Бас прокуратураның мәліметінше, Ресей аумағында жүрген РФ азаматтарына қатысты Қазақстан соттарының үкімдерін тану және орындау мәселелері 2002 жылғы "Азаматтық, отбасы және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы" конвенциямен реттеледі.
"Аталған тұлғаларға қатысты Қазақстан сотының үкімін тану және орындау туралы өтініштер Ресей тарапына жолданды. Алайда РФ Әділет министрлігі оларды қанағаттандырмады, себебі Ресей конвенцияны ратификациялау кезінде шетел соттарының үкімдерін өз азаматтарына қатысты тану және орындауды реттейтін 109-бапты қолданбау құқығын сақтап қалған", - деп түсіндірді қадағалаушы орган.
Балушкин мен Сағымбаев халықаралық іздеуден алынбады. Егер олар өзге мемлекет аумағында ұсталған жағдайда прокуратура экстрадициялау жұмысын жалғастырады. Екеуінде де Ресей азаматтығын алуына байланысты Қазақстан азаматтығы жойылған.
Компаниялар тобының бұрынғы бақылаушы акционері 2021 жылдың тамызынан бері халықаралық іздеуде. Тергеу банктік қарыздарын өтеуден және бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында 230 млрд теңгені жымқыру фактілері бойынша жүргізілді.
2025 жылдың сәуір айының ортасында фигуранттарға сырттай үкім шықты. Балушкин 9 жылға, Сағымбаев 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Істе жәбірленушілер ретінде Jusan Bank (қазіргі Alatau City Bank) және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) танылды. Алғашында министрліктің азаматтық талабы қанағаттандырылмаған, алайда маусым айында алқа бұл шешімді өзгерткен. Келтірілген залалды өндірумен Әділет министрлігі айналыспақ.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді