Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ешкім жүктемеген қазақ тілін үйренуге арналған Steppe Rider ойынына бюджеттен 242 миллион теңге жұмсалған

Фото: steampowered.com

Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірленуіне 500 мың доллар жұмсалған Steppe Rider компьютерлік ойынына қатысты сынға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылғы наурыз айында “тілдерді оқыту” қызметтері бойынша goszakup.gov.kz порталында конкурс жариялады. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту және қазақтілді аудиторияға арналған контент жасау үшін “Steppe Rider” компьютерлік ойыны әзірлену керек еді.

Ойыншы байгеге қатысу үшін жылқыны баптайды. Ойын барысында ол грамматика, лексика, фольклор, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты тапсырмаларды орындап, тілді меңгереді. Жобаның құны қосылған құн салығын қоспағанда шамамен 242 миллион теңге болды.

“Әр әрекет қазақ тіліндегі сұрақпен немесе тапсырмамен сүйемелденіп отырады. Мысалы: жылқының сүтінен дайындалатын дәстүрлі сусын қалай аталады? “Ат” сөзіне дұрыс септік таңдаңыз. Оқу және жаттығу: жылқыны оның өнімділігін жақсарту арқылы жаттықтыруға болады. Ол үшін ойыншы грамматикалық тесттер сияқты тапсырмаларды шешеді (етістікті дұрыс қойыңыз: “далада ат (шабу)”; қазақ мақал-мәтелдерінің аудармалары; сөз тіркестерін қалпына келтіру. Дұрыс жауаптар жылқының сипаттамаларын арттырады (жылдамдық, төзімділік). Сынақтар мен деңгейлер: Жылқы жеңіске жеткен сайын, локациялар да өзгеріп отырады: Жайлау (жазғы жайылым) – жылқыны баптаудағы алғашқы қадамдар. Лексика мен негізгі грамматикаға арналған қарапайым тапсырмалар. Наурыз мерекесі – мәдени шараларға қатысу. Қазақ дәстүрлерін білуге қатысты тапсырмаларды шешу. Ежелгі Түркістан – Қазақстан тарихы бойынша күрделі тапсырмалар беріледі, фольклормен танысу”, – делінген ойынның сипаттамасында.

Ешкім жүктемеген қазақ тілін үйренуге арналған Steppe Rider ойынына бюджеттен 242 миллион теңге жұмсалғанФото: Құжаттан скрин

Құжатта жобаның орындаушысы әр ай сайын тапсырыс берушіге жұмыс барысы туралы есеп беріп, ойынның бірнеше сценарий нұсқасын ұсынуы тиіс делінген.

Айта кетейік, жоба әзірлеушісі – ЖШС “United Kingdom”. Ойын уақыты (геймплей) 12 сағаттан кем болмауы тиіс (әр деңгей 4 сағаттан). “Steppe Rider-ді” 6 жастан 25 жасқа дейінгі қолданушылар ойынай алады деп көрсетілген. Қазір ойынның 58 қолданушысы бар. 2026 жылы 22 қаңтар күні ойында бір уақытта ең көп ойнаған пайдаланушылар саны 5 адам болды. 

Steam платформасында ойынға қатысты 16 қолданушы пікір білдірген. Оның тоғызы – оң пікір, жетеуі – теріс пікір. SteamDB платформасындағы ойынның рейтингі 53,59%. Бұл көрсеткіш төмен немесе орта деңгейден төмен екенін және ойынға қолданушылардың көзқарасының әртүрлі екенін көрсетеді. SteamDB жүктеу саны туралы деректерді  көрсетпейді. Платформаның статистикасына сенсек, аудиторияяның ойынға деген қызығушылығы өте төмен.

Ешкім жүктемеген қазақ тілін үйренуге арналған Steppe Rider ойынына бюджеттен 242 миллион теңге жұмсалғанФото: Apple Store-ден скрин

Google Play дүкенінде қолданушылар 14 пікір қалдырған, рейтинг 3,3 жұлдыз, ал орнатқандар саны 500+ деп көрсетілген. Apple App Store дүкенінде ойынның рейтингі – 4,3, алайда жүктеу саны көрсетілмеген. 

Фото: steamdb.info

Алайда ойында уәде етілген интерактивті квесттер, есте сақтау мен логиканы дамытуға арналған мини-ойындар, аудиосы мен субтитрлері бар NPC (ойынға қатыспайтын кейіпкерлер), ұлттық дәстүрлерді интеграциялаудың бірі де болмай шықты. Шын мәнінде, шабандоз тек тиын жинап, кедергілерден өтіп, қазақша сөздердің қалып кеткен әріптерін қояды.

Өткен жылы желтоқсанда іске қосылған ойын қолданушылардың көңілінен шықпаған. Олар “Steppe Rider-ді” танымал “Subway Surfers” ойынының арзан нұқсасы деп атады. Ойындар туралы толық статистика мен бағалауды көрсететін сайт SteamDB дерегінше, 2026 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша бұл ойынды жүктегендер саны аз, рейтингісі төмен, ойыншылар багтарға, қызықсыз геймплейге және білім беру құндылығының осал екенін айтып, шағымданады.

“Кіріспе ролик жасағанда әзірлеушілер көп күш салмаған, жасанды интеллект көмегімен жасаған. Бірақ қазақша дыбыстама бар екен”, “Ойындағы қазақша сөздер тым қарапайым”, “Ойында 4 локация және кедергілер өте аз. Осының бәрі 240 миллион болды”, “Бұл ойын жұмсалған қаражатқа да, уақытқа да тұрмайды” , “Мемлекет бюджетінің талан-таражға түскені анық. Бұл жобаның нақты құны 20 мың доллар”, “Әжірлеушілер, менің жігіттеріме қаражаттың 10%-ын беріңдерші. Бір жылда министрлікке дұрыс есеп беріп үлгересіңдер, уәде беремін”, “Біздің салығымызды бюджетке қайтарыңдар”, “Әзірлеушілермен қалай сөйлессем болады. Ойынның техникалық тұстарын жөндеп көмектесе аламын”, – деп жазды ойын қолданушылары. 

Брифинг барысында журналистер жобаға кеткен шығынның қаншалықты орынды екенін сұрап, сондай-ақ ойынның мәлімделген тұжырымдамасы мен оның нақты іске асырылуы арасындағы сәйкессіздікке назар аударды.

Атап айтқанда, Steppe Rider ойыны қазақ тілін үйретуге бағытталған қадамдық RPG форматында болуы тиіс екені айтылған. Алайда іс жүзінде ойын қарапайым раннер жанрында (ойыншы кейіпкерді үздіксіз алға қарай қозғалыста басқаратын видеоойын жанры) жасалып, визуалдық және механикалық тұрғыдан Subway Surfers сияқты танымал ойындарға ұқсас болып шыққаны айтылды.

Ойынға қатысты сынға ғылым және жоғары білім министрлігінің тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жауап берді. Министрлік өкілі ойынның тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылғанын мәлімдеді.

“Иә, біз Steppe Rider компьютерлік ойынын әзірледік. Бұл – тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде жасалған алғашқы отандық оқыту ойыны. Иә, сұрақтар туындады және әлі де туындап жатыр”, – деді ол.

Тілешовтің айтуынша, ойын қазақ тілін бастапқы деңгейде меңгеруге арналған оқу өнімі ретінде жасалған.

“Ойын қазақ тілін A1 және A2 деңгейлерінде оқытуға бағытталған. Бұл – халықаралық формат, мұндай жобалар көптеген елде бар. Осындай ойындардың нарықтағы құны бір платформа үшін 1 мың доллардан 300 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Ал біздің ойын үш платформадан тұрады", – деді комитет төрағасы.

Министрлік өкілі жобаның әлі де жетілдірілетінін атап өтті.

“Бұл – қазақ тілін ойын арқылы үйренуге мүмкіндік беретін болашағы бар жоба. 2026 жылы ойын жаңартылады. Қазір пікірлердің басым бөлігі оң сипатта”, – деді Ербол Тілешов.

Сондай-ақ комитет төрағасы Steppe Rider ойынының кең аудиторияға бағытталғанын және ойынды мемлекеттік тілді кеңінен насихаттаудың тиімді құралы ретінде қарастырып отырғандарын мәлімдеді.

“Бұл – әлемде кең таралған ойын форматы. Біз оның қазақ тілінің сұранысқа ие, беделді тіл ретіндегі мәртебесін арттыруға мүмкіндік беретініне сенеміз. Ойын үнемі жаңартылып отырады, және соның арқасында мыңдаған, тіпті ондаған мың пайдаланушы, оның ішінде балалар да, мемлекеттік тілді ойын арқылы меңгере алады”, – деді Тілешов.
Дана Русланқызы
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 20:18