Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әзірбайжан президенті Ресейді сотқа беру үшін барлық құжатты дайындап жатқанын мәлімдеді

Фото: АЗЕРТАДЖ

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев AZAL әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырауына байланысты Ресейге қарсы халықаралық соттарға құжаттар дайындап жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлиев Шуша қаласында өткен медиафорумда ұшақ апатына қатысты жағдайдың себебі анық екенін жеткізді. Айтуынша, Бакудің бірнеше рет сұрау салуына қарамастан, жеті ай бойы Ресей тарапынан нақты жауап алынбаған. 

Әзербайжан бұл мәселені халықаралық деңгейде қорғауға жеткілікті дәлелдер бар екенін мәлімдеді. Әлиев сондай-ақ Малайзияның "Боинг" ұшағына қатысты істегідей, Әзербайжан шындық үшін қанша уақыт қажет болса, сонша күтетінін алға тартты.

Бұған дейін Minval басылымы ресейлік әскери қызметкерге тиесілі болуы мүмкін түсініктеме хаттың мәтінін жариялаған еді. Онда ұшақ Грозный қаласы үстінде Ресей Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен атып түсірілгені айтылған.

Сөз сөйлеу барысында Әлиев украин халқына да үндеу жасап, жерлерінен айырылмауға шақырды. Ол өз жерлерін қайтарып алған Әзербайжаннан үлгі алуға кеңес берді.



"Біз өз уәждерімізді халықаралық заңдарға сүйеніп айтып келдік. Кезінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де армян күштері Әзербайжан жерінен кетуі керек деген төрт арнайы шешім қабылдаған. Біз не айтсақ та, әлемдегі кейбір елдер мен ұйымдар бізге тәкаппар түрде: "болған жағдаймен келісіңдер, енді солай өмір сүріңдер" деп, ақыл үйретумен болды. Соңында біз бұған көнбей, өз қолымызбен жаңа жағдай жасап, өз жерімізді қайтарып алуға шешім қабылдадық", – деді ол.

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде экипаж мүшесі бесеу. Апат салдарынан 38 жолаушы қайтыс болды, 29 адам аман қалды. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.

Кейіннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізді.

Ал 2025 жылдың 4 ақпанында еліміздің Көлік министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты 53 беттен тұратын есепті жариялаған. Содан кейін Әзірбайжан билігі Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer E-190 ұшағын Ресейге тиесілі Панцирь-С зениттік-зымыраны атқанын мәлімдеді.

STAN.KZ
Жексенбі, 20 Шілде, 2025 08:45
Талқылау