Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әзірбайжан президенті Иранның Нахчыванға жасаған шабуылын "террористік акт" деп атады

Фото: azertag.az

Әзірбайжан президенті Иранның дрондармен жасаған шабуылын “террористік акт” деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Нахчыван әуежайы мен бір мектеп маңында дрондар құлаған соң Ильхам Әлиев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. 

“Бүгін Иран Әзірбайжанға қарсы террористік акт жасады. Нахчыван Автономиялық республикасының аумағына ирандық ұшқышсыз ұшу аппараттарымен соққы жасалды. Шабуылдың нысанасы азаматтық объектілер болды”, – деді.

Әлиевтің айтуынша, Иран бұл оқиға бойынша түсініктеме беріп, кешірім сұрауы тиіс. Сонымен қатар террорлық актіге қатысы бар адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуы тиіс деді. 


НАТО Иранға қарсы ұжымдық қорғаныс механизмін қолданбақ


Иран зымыраны Түркияның әуе кеңістігінде жойылды: Режеп Тайып Ердоған ескерту жасады


“Бізге қарсы террористік әрекетті жасағандар өкінетін болады. Біздің күшімізді сынамасын”, – деді ол.

Ал Иран тарапы бұл шабуылға қатысы барын жоққа шығарып отыр.

Иран Қарулы күштері Бас штабының мәліметінше, Әзірбайжан бағытына ешқандай дрон жіберілмеген. Мұны елдің мемлекеттік телерадиокомпаниясы IRIB хабарлады.

"Иран Ислам Республикасы барлық елдердің, әсіресе мұсылман және көрші мемлекеттердің егемендігін құрметтей отырып, Әзірбайжан Республикасына қарсы әскерилер арқылы ұшқышсыз ұшақ жібергенін жоққа шығарады", – деді Иран Қарулы күштері Бас штабы.

Бас штаб сондай-ақ мұндай әрекеттер бұған дейін Израиль тарапынан мұсылман елдерінің арасындағы қарым-қатынасты нашарлату мақсатында жасалғанын айтты.

"Жүргізілген тексерудің нәтижесінде анықталғандай, бұл әрекеттер жалған сионистік режим тарапынан Иран Ислам Республикасын айыптау мақсатында жасалған", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Иранның бірнеше дроны Әзірбайжан аумағына құлап, екі адам жарақат алғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 18:04