Ажырасқан жандар қандай проблемаларға кезігеді
Ажырасып кеткеннен кейін, ер-азамат онша азап тартпайтын сияқты. Ол өзінің көңіл жарасын жазатын адамды тез табады.
Ең қиыны әйел мен балаға. Ажырасу – әйел үшін үлкен депрессия. Бала үшін – комплекс, деп жазады Замана газеті.
Өзім 10 жылға жуық отасқан бірінші күйеуіммен ажырасқанда қатты күйзелдім. «Неден қателестім?», «Мұндай жағдайға қалай душар болдым?» деп ойлаумен болдым. Кінәні оған ғана аудара бердім. Шиеленістің шешімін тапқанда өзіңнің де таудай кінәң бар екенін анықтайсың. Бірақ, ең сорақысы сол, оны мойындағың келмейді. Қысқасы, мен ажырасқан соң Көкшетаудан Астанаға кетіп қалдым. Құдды бір көшіп кетсем, бүкіл проблемам сол жерде қалып, тап-таза күйімде жаңа өмір бастайтындай. Бірақ олай болмады. Өзің көшкенмен, өзіңді жегідей жеген ойлар да бірге көшеді екен. Мәселе сол жерде түбегейлі шешілуі керек. Проблема туындаған жерден қашқанмен, өз-өзіңнен қаша алмайды екенсің.
Иә, рас Астанада басқаша өмір сүремін деп шештім. Бар жан-тәніммен жұмысқа берілдім. Жаңа ортаға үйренісе бастадым. Сонда байқағаным, ажырасқан әйелге елдің көзқарасы мүлде бөлек болады екен. Сырт көз сені бәрібір сүріндіргісі кеп тұрады. Ал еркектер жағы пайдаланып қалуға тырысады. Бұл – шындық.
Шын мәнінде екінші рет күйеуге тезірек шықсам, мына шиеленіскен проблемалардан әп-сәтте арылатындай көріндім. Бұрынғы өмірімнен арылып, жаңа өмір бастайтындай сенімде болдым. Өзгелердің қолжаулығына айналып кетпеймін деп ойладым. Ең бастысы, бұрынғы күйеуім менің жерде қалмағанымды білсін деген ішкі кектен туған бір әрекет еді бұл. Бір жағынан оның менен бұрын басқа біреуді тауып алғанын есітіп, жеңіліс тапқандай болғым келген жоқ. Мұның ақымақтық екенін білмедім, ұқтыратын да адам болмады.
…Әйелге күйеу, еркекке әйел табылады. Бірақ ол адам балаға әке немесе ана бола алады ма? Басты мәселе – осы. Екінші рет тез арада күйеуге шыққаныммен, проблема азайған жоқ. Әрдайым оның іс-әрекетінен, сөйлеген сөзінен бұрынғы күйеуіңді бейсаналы түрде іздейсің. Және табасың. Салыстырулар көп болады. Сен енді екі адаммен күресесің. Жаңа күйеуіңмен және оның қасына ойша орнығып алған бұрынғы күйеуіңмен. Өмір бұрынғыдан да шиеленісе түседі.
10 жыл бойы қандай болса да әкесінің құшағында жатып өскен ұлыма өзге біреуді әке деп тану өте қиынға соқты. Мойындағысы келмеді. Мені одан қызғанды. Кейін екінші перзентім өмірге келгенде ғана бойы үйренісе бастады. Бірақ ана үшін осы үштағанды сақтап тұру өте қиын. Кішкентайды еркелетіп, асты-үстіне түсіп жатсаң, үлкені томсырайып қалады. Кішкентайға бір нәрсе сатып алсаң, үлкеніне де сатып әперу керек. Яғни жас алшақтығына қарамай, әкелері бөлек екі балаға да тең дәрежеде көңіл бөлу қажеттілігі туындайды. Әрине, әкенің өз кіндігіген тараған балаға көңіл бөлуі заңды. Ол үшін оны жазғыра алмайсың.
Айта берсем, екінші рет тұрмыс құрып, бақытты боп кету оңай емес. Мықты болмасаң морт сынасың. Бір басқан кетпеннің басын бірнеше рет басып, жараланып жүрген сәттерім аз болған жоқ. Ендеше, осындай жағдайға тап болып отырған келіншектерге бірер кеңес бере кетейін:
Проблемадан қашқанмен, өзіңнен қаша алмайсың. Демек, мәселе туындады ма оның шешу жолдарын табу керек.
Жаның күйзеліске ұшырады екен, арнайы мамандардың, психологтардың көмегімен күйзелістен шығу керек. Жаңа өмірге тек осыдан кейін ғана аяқ басқан дұрыс.
♦ Ертерек күйеуге шығып кетсем жан жарам жазылады десеңіз, қателесесіз. Сіздің жараңыз «жұқпалы», кейінгі жұбайыңызды да жаралайсыз.
♦ Екінші рет күйеуге шықтыңыз екен, бұрынғы өміріңіз туралы әңгіме қозғалмасын. Өткен өмірге ойша оралуды доғарыңыз.
♦ Бұрынғы күйеуіңізді жамандамаңыз. Кейінгісімен салыстырмаңыз.
♦ Балаға да, күйеуіңізге де бір-бірімен үйренісуге уақыт беріңіз. Күштемеңіз.
♦ Балаға күйеуіңіздің көзінше, күйеуіңізге балаңыздың көзінше ұрыспаңыз.
…Міне, осындай қиындықтардан өтіп, шиеленістердің шешімін дұрыс тапқан әйел сөзсіз бақытты болады. Бақыттарыңыз баянды болсын!
Асылзат Арыстанбек
Жіберіп алмаңыз:
Атырауда 8 жасар мүгедек қыз сыныптастарының мазағынан мектепке бара алмай жүр
Желі қолданушылары қазақ ауылының атауын мазақ қылды
Мен өлі адамдай күйде болдым: Жібек Мусина зорлау ісі жайлы ашық айтты