"100-200 млн теңге көлемінде қаржы сұрады": Су министрі Нұржан Нұржігітов блогер Алтай Айнабекпен кездескенін айтты
Әлеуметтік желіде "Rainman" деген атпен атпен танымал Алтай Айнабек еліміздің су министрі Нұржан Нұржігітовтың қабылдауында болған. Ерболат Мұхамеджанға берген сұхбатында министр Аралды толтырамын деген блогермен кездесу кезінде оның қомақты қаражат сұрағанын айтты.
Фото: Видеодан скрин
Су министрі Нұржан Нұржігітов “Аралға судың көп баруы кімнің еңбегі?” деген сұраққа жауап берді.
“Аралға жіберілген 2 млрд 600 млн текше метр су — арнайы гидропосттардан өткен су. Суды өлшейтін арнайы құралдар бар. Бірақ сол судың Аралға жетуі үшін оны реттеп, дұрыс бөлу керек. Сондықтан бұл — нақты дерекке негізделген көрсеткіш. Екіншіден, мен ол жігітпен, яғни Алтай Айнабекпен таныспын. 2023 жылдың желтоқсан айында ол менің қабылдауымда болды. Өз жобасын таныстырды. Сол кезде мен оған "Бірінші өз әдісіңді көрсет, дәлелде" дедім. Жұмыстар жүргізілгеннен кейін біз "Енді ғалымдарды қосайық" дедік. Себебі әлеуметтік желіде "жаңбыр жауып жатыр, мен оны шақырдым" деп кез келген адам айта алады. Бірақ оны ғылыми түрде дәлелдеу керек. Сондықтан біз институттың ғалымдарын қосуға ұсыныс жасадық”, – дейді су министрі.
Оның айтуынша, министрлік тарапынан “ғалымдар зерттеу жүргізсін” деген ұсыныс жасалды. Бірақ бұл жұмыс іске аспаған.
“Блогер қарсы болды деп айта алмаймын, бірақ бірге жұмыс істелмеді. Ақша туралы да әңгіме болды. Бірақ біз бірінші кезекте ғылыми дәлелдемені талап еттік. Қазір нақты соманы есіме түсіре алмаймын, бірақ әңгіме 100-200 млн теңге көлеміндегі қаражат туралы болды”, – дейді Нұржан Нұржігітов.