Azerbaijan Airlines Ресейдің бірнеше қаласына рейстерін тоқтатты
Azerbaijan Airlines Ресейдің кейбір қалаларына рейстерін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: azal.az
“25 желтоқсанда болған Embraer 190 ұшағының апатына қатысты тергеудің бастапқы деректерін, сондай-ақ Минеральные воды, Сочи, Волгоград, Уфа, Самара, Грозный қалаларына ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ықтимал тәуекелдерді ескере отырып 28 желтоқсаннан бастап рейстер тоқтатылды”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін AZAL әуе компаниясының J2-8717 рейсі Баку – Минеральные Воды бағыты бойынша ұшқан ұшағы Махачкала әуе кеңістігінің жабық болғаны туралы ақпараттан кейін Бакуге кері қайтқан. Ұшақ жергілікті уақыт бойынша 10:13-те Гейдар Әлиев халықаралық әуежайына аман-есен қонды.
Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.
Сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы айтқан еді.