Азаматтық некедегі әйелін сабады деп айыпталған Арман Шораевқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Желіде қоғам қайраткері Арман Шораевтың әйелді соққыға жыққан видеосы тараған еді. Араға уақыт салып Шораевқа қатысты қылмыстық істің тоқтағаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин/ instagram.com/arman_shorai_team
Полиция департаменті аталған жағдай бойынша қылмыстық іс тоқтатылғанын хабарлады. Шораевтың үстінен "Ұрып-соғу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
"Қылмыстық кодекстің "татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату" бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам жәбірленушімен татуласқан болса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Тараптар өз құқықтарын пайдалана отырып, сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы арыз жазды", – делінген полиция хабарламасында.
Еске салайық, қоғам белсендісі Арман Шораевтың елорда көшелерінің бірінде азаматтық некедегі жұбайын ұрып-соққан видеосы тараған еді. Алайда Шораевтың өзі бұл ақпараттың жалған екенін айтып, жоққа шығарды.
Ол Facebook желісінде "жасанды интеллекттің құрбаны болғанын" және аталмыш ақпаратты таратқан журналиске қарсы арыз түсіретінін хабарлады.
"Мұның бәрі өтірік. Мен ешқашан ешкімді ұрған емеспін. Бұл арандатушылық және қара пиар үшін Козачковқа ақша төленеді", — дейді Арман Шораев.
Сондай-ақ Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Шораевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтқан еді.