"Айтымның араласуы керек емес": Шерзат Полаттың отбасы адвокаттардан бас тартпайтынын мәлім етті
Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Нұрымова әлеуметтік желіде Айтбек Амангелдінің сөздерін жоққа шығарып, отбасының адвокаттардан бас тартпайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин/instagram.com/aitym
Перизат Нұрымова Айтбек Амангелдінің сұхбатынан кейін Қаржаубайдың сенімхатын негізге ала отырып бірнеше сұраққа жауап берді.
“Қаржаубай қорғаушылардан бас тартқан жоқ. Адвокаттардан бас тарту туралы Айтым мырзаның өзі айтты. Оған өзі түсініктеме берер. Қаржаубай Айтым мырзаның анама дөрекілік көрсетуіне және артық сөйлеуіне байланысты оған ескерту жасады. “Іс бұлай насырға шабар болса, екеуіміз келіспейтін болсақ, қорғаушылармен келісімшартты бұзамын” деп ескертті. Бұл сөздерді Айтым мырзаның WhatsApp нөміріне жазды. Оны не себепті жариялағанын біз де білмейміз. Бұған Айтым мырзаның өзі жауап береді. Қорғаушылар 5 адамнан құралған деп нақты ешкімге айтқан жоқпыз. Қаржаубайдың бұрынғы адвокаттары мен қазіргі қорғаушылар істі бірге жүргізсе игі еді”, – деді Перизат Нұрымова.
Сондай-ақ ол адвокат Саида Тәуекелова, Марал және Карина ханымға ерекше алғыс білдірді. 6 ай бойы үздіксіз жұмыс істеу оңай емес екенін атап өтті.
“Көбі жиналған ақша жайлы айтып жатыр екен. Алғашында біз адвокат таппаған кезде ақша жинаған едік. Ақша жинау 3 күнге созылды. Қорғаушылар тапқан соң оны тоқтаттық. Өзім туралы да айта кетейін. Мен халықтан жылу жинадым. Жылу жинау қазақ халқының салтында бар. Бұл “сбор” емес. Халық жинаған жылу туралы Саида ханым да, Айтым мырза да білді”, – дейді Шерзаттың әпкесі.
Сонымен қатар белсенді Дінмұхаммед Қаматай соңғы жайттарға байланысты Айтбек Амангелдінің алдағы істерге араласуы қажет емес екенін айтты.
Қоғам белсендісі Жан Ахмадиев Шерзаттың ісімен айналысып келген қорғаушылардың жаңа адвокаттармен бірге жұмыс істейтінін мәлімдеді.
“Шерзаттың отбасы адвокаттардан бас тартты деген ақпаратты естіген шығарсыздар. Қаржаубайдың отбасы қорғаушылардан бас тартқан жоқ, Айтбек Амангелдімен байланысты үзгісі келді. Көбі осыны түсінбей жатыр. Шерзаттың ісін еліміздегі мықты адвокаттар қолға алды. Мейірман Шекеев, Жандос Балманов және дұрысы, Мейірман ағаның компаниясы”, – деді Жан Ахамадиев.
Ол екі күн бұрын іс материалдарын сұрағанын бірақ сол күйі ала алмағанын атап өтті.
Бұған дейін адвокат Саида Тәуекелева баспасөз мәслихатында Марқұм Шерзат Полаттың отбасы адвокаттар тобынан бас тартқаны туралы айтқан еді.
@dimash_kamatay #зашерзата #казахстан #алашорда #оянқазақ #әділеттіқазақстан #жаңақазақстан #занурканат #қазақтілі #замерлан #немолчи ♬ оригинальный звук - dimash_kamatay