Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үстімнен күліп, мазақ етті": Желіде актриса Айшолпан Байтүгелді мазақ еткен косметика сататын дүкенге қатысты дау туды

Айшолпан Бәйтегүлді мазақ еткен дүкен қызметкерлері Фото: Видеодан скриншот

Желіде танымал актриса Айшолпан Байтүгелді мазақ еткен косметика сататын дүкеннің қызметкерлеріне қатысты дау туды. Дүкеннің қызметкері мен басшысы блогердің сырт келбеті мен салмағын қатты сынап тастаған. Қазақстандықтар олардың бұл әрекетіне наразылық білдіріп, дүкенге қарсы бойкот жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиғаның мән-жайы

Актриса Айшолпан Байтүгелге косметика сататын дүкеннің қызметкерлері хабарласып, реалити-шоуға түсуді ұсынған. Шоу жарнама ретінде жүретінін және жеңіл форматта түсірілетінін айтқан. Өнер иесі өзі актриса әрі блогер болғандықтан, ұсынысқа келіскенін айтады. 

“Мен оларға оқырмандарыма қандай контент жақсы өтетінін түсіндірдім. Олар келісіп, реалитиде менің бет күтімімді, қалай тамақтанатынымды білу үшін тоңазытқышты қарайтынын айтты. Біріншіден, мен алдын ала “тоңазытқыштағы тағамдарды тастамай, қалай бар солай көрсетемін” деп айттым, бұл екіжақты келісілді. Екіншіден, бет күтіміне қолданатын заттардың көбінесе сыйлыққа келетінін, обал болмасын деп жартысын болсын қолдануға тырысатынымды жеткіздім. Осы сәтте бәрі басталды. Менің ішімде біртүрлі сезім пайда болады”, – деді ол.

Алайда Айшолпан Байтүгелдің айтуынша, түсірілім барысында дүкен қызметкерлері оның бет күтімі нашар екенін айтып, артық салмағына қатысты мысқылдаған.

“Мен әлеуметтік желілерде өзім туралы әзілдейтін шығармын, сіздер мені солай қабылдап, үйреніп қалған шығарсыздар. Бірақ бұл біреудің маған олай қарым-қатынас жасауына болады деген сөз емес. Менің әзілге күліп отырғаным, маған солай әзілдеуге болады деген сөз емес. Менімен әзілдеспеуін сұрап, қарсылық танытсам, “Көтере алмай қалдың ба?” дейді. Мен өзімді жалға алынған сайқымазақтарша сезіндім. Неге олай жасадыңыздар деп сұрағанымда, тіпті бетіме қарамай, “Біз солай шештік” деп жауап берді”, – деді ол.

Актриса дүкен қызметкерлері оның үйіне бургер тапсырыс бергенін, осылайша өзін тамаққа тоймайтын адам ретінде көрсеткісі келгендерін айтады. 

“Менің пәтеріме бургер тапсырыс беріп қойыпты. Бірақ ол туралы маған ескертілмеді. Жарайды, бір бургер үшін қырғын шығармай-ақ қояйын дегеніммен, ішімнен нашар сезімде болдым. Олар мені тамаққа тоймайтын, осындай шоуға түсетін кезде шыдай алмай фаст-фуд тапсырыс берген адамдай етіп көрсеткісі келген. Үндемей бургерді қабылдап, сценарийлері бойынша бірнеше қуырылған картопты жеп едім, “Шыдаңызшы, Айшолпан” деп күліп тұр. Мен онсыз да не ішіп, не жейтінімді жасырған жоқпын, бәрін ашық көрсеттім. Алғашында көңілді тұруға тырыстым, бірақ менің түсірілімге дейінгі және кейінгі күйімді көрсеңіздер, бәрі түсінікті. 

Сондай-ақ өнер иесінің сөзінше, қызметкерлердің мұндай әрекетіне реалити-шоудың продюсері түрткі болған, өйткені ол оларға қалай сөйлеп, не айту керегін бағыттап отырған.

“Ақшасын алып отырмын ғой, барымды салайын, қаралым көп болсын деп тырыстым. Түсірілім бойы ақталумен болдым. Айтудың да жолы бар, күліп, мысқылдап, дөрекі айтпай, дұрыстап түсіндіруге болады. Продюсер минут сайын мамандарға “былай айт, дөрекі айт, болмайды деп айт” деп тұрды. Продюсер мен ол жерде болмаған сияқты кейіп танытты. Алты адам бір өзіме жабылып жатқандай сезім болды. Ол адамдармен жұмыс істеу қиын болды”, – деп жазды ол.

Ол жүйкесіне ең қатты тиген жайтты да айтып берді.

“Менің ең ашуыма тигені қолтығымды талқылағаны. Менің қандай зат, қалай қолданатынымды сұрай бастады. Мен терлейтінім туралы айтуға сол жерде тұрған 4 еркектен қатты ұялып кеттім. “Менің бет күтімімді түсіруге келдіңіздер ме әлде қолтығымды ма?” деп айттым. Сөйтіп екеуміз де біртүрлі болып қалдық, артынан маған басқаша қарап, тұрып қалды”, – деді актриса. 

“Шоуды адамды түсірмей, мазақ қылмай жасауға да болады”

Айшолпан Байтүгел мұндай қарым-қатынастың өзіне мүлде ұнамағанын айтып, көзіне жас алды.

“Бір сағатта бытшыт болып жылап қалдым. Бір кісілердің қарым-қатынасы ұнамады. Шоу түсіргілерің келсе, адамды түсірмей, мазақ қылмай жасауға да болады. Толық адамдардың барлығы тамақтан өлген емес. Барлығы шынайы болсын деп қалай бар, солай көрсеттім, сол үшін мені мысқылдап отыр. Бетім безеу, иә, тамақтан, иә, бет күтімім жаман, білемін!

“Беттеріңді ғана жөндей бермей, бетсіздіктеріңді де жөндемейсіңдер ме?”

Актрисаның мәлімдемесінен кейін желі қолданушылары оны қолдап, дүкенге қарсы бойкот жариялауға көшті.

“Видеода Айшолпанның үстінен күліп тұрғаны көрініп тұр ғой, әр минут, тіпті секунд сайын күліп тұр. Жаным, Айшолпан күліп түсіріп беріп тұр”, “Олар 6 адамның келетінін алдын ала ескертпеген, оған қоса бургер тапсырыс берілгені туралы да айтылмаған. Түсініспеушілік туындамауы үшін мұндай дүниелерді айтып қою керек қой. Олар пәтер мен жеке заттарды емес, тек тамақтану мен бет күтімін бағалауға келген. Реалити-шоуға қатысы жоқ дүниелерді де талқылағаны дұрыс болмады”, “Беттеріңді ғана жөндей бермей, бетсіздіктеріңді де жөндемейсіңдер ме?”, “Мен дүкен қызметкерлерінің басқа блогермен мұндай қарым-қатынас жасамайтынына сенімдімін. Олар Айшолпанды үндемейтін, қарапайым блогер деп ойлаған. Содан қолдарынан келгенше мазақ етті. Біз видеоны көрдік және сіздер кінәлісіздер. Өздеріңізді нашар ұстадыңыздар. Айшолпаннан кешірім сұраңыздар”, “Неге жүйкелердің құртып, ауыздарыңды былғап, саусақтарыңды шаршатып жатсыңдар? Бойкот қой, болды! Бармаңдар, алмаңдар!”, – деп жазған олар.

Айшолпан тредс

Сондай-ақ актрисаны әріптестері де қолдап шықты. Мәселен блогер Елдос “Колобок” Айшолпан Байтүгелдің өте ақкөңіл, ақжарқын, нәзік жүректі, жан жағына нұр шашып жүретін қыз жан екенін жазған.

“Айшолпан, сенікі дұрыс! Мен де семізбін, маған үйге келіп осандай реалити-шоу түсіріп, мысқалдайтын болса, жөндеріне келтіретін едім. Айшолпан қарындасымды жақсы білемін, өте ақкөңіл, ақжарқын, нәзік жүректі, жан жағына нұр шашып жүретін қыз ғой, жылатып кеткендері өте ұят болған екен”, – деп жазған ол.

Ал стендапер Жансая Мұратбек қаншама адам өз орны мен сөздің парқын білмей сөйлейтінін жеткізді.

“Айшолпан осы тақырыпта қаншама адамға кешіріммен, түсіністікпен қарап, даналық танытып келді. Әйтпесе біраз адамдар өз орнын, сөздің парқын білмей сөйлеген. Біреудің сырт келбетін сөгуге бәрі шебер екенін түсіндім. Кәсіпті жүргізуді, қалай “шоу” жасауды біледі, адаммен сөйлесу мәдениетін білмей ме? Араларынан бір адам жұмсақ сөйлесіп жеткізе алмады ма? Бір сағаттың ішінде жан дүниесінің тас-талқанын шығарды. Осыдан соң оған қалжыңдаған болып тиіскен әр адам өкінеді деп ойлаймын!” – деп жазды ол.

Блогер Әлия Байбусинова да актрисамен бірге жұмыс істеген кезін еске алды.

“Айшолпанмен екі апта бойы бірге жұмыс істедім. Осы уақыт аралығында оны қатты жақсы көріп қалдым. Оның біреуге тиісіп, мысқалдаған кезін көрмеппін. Өте көңілді жүретін, ашықжарқын адам. Оның жылаған видеосын көргенде жаным ауырып кетті. Адамды жылауға дейін жеткізу үшін өзін қалай ұстау керек? Жиіркенішті”, – деп жазған ол.

Дүкен әкімшілігі не дейді?

Косметика сататын дүкеннің негізін қалаушы Жұлдыз Әкім YouTube желісінде видео жариялап, олардың қарым-қатынасы Айшолпанның көңіліне тигенін білген сәтте одан кешірім сұрағанын айтты. Оның сөзінше, Айшолпанның өзі бәрі жақсы болады деп сендірген.

“Біз Айшолпанның үйінен шыққан кейін дүкенге барып реалити-шоуды жалғастыруымыз керек болған. Алғашында ол келісті, келетінін жазып жіберді. Екі минуттан кейін дүкенге бармайтынын, біздің қарым-қатынасымыз жаман болғанын айтып, хабарлама жазды. Мен бірден кешірім сұрадым, видеоның шықпайтынын айттым. Біз Айшолпанға біздің қандай да бір әрекетіміз ұнамай қалғанын білген жоқпыз. Қарым-қатынас, адам ақшадан артық. Мен Айшолпанның өзімен де сөйлестім, ол бізді белгілемегенін, бәрі шешілетінін айтты. “Мен тынышталамын, бәрі жақсы болады” деді. Маған бәрі жақсы болады дегеннен кейін ғана осыған дейін үндемей отырдым. Мені өзмшіл адам ретінде қабылдамауларыңызды сұраймын. Мен кәсіпкермін, мұндай жағдайлар болып тұрады”, – деді 

Мәселе қалай шешілді?

Актриса желідегі парақшасында дүкен әкімшілігімен бір шешімге келгенін мәлімдеді.

“Қазір Жұлдыз менің үйімде отыр. Алла кешіріп тұрғанда, кешірім бермейтіндей біз кімбіз? Бәріміз кешіре аламыз, тек өзімшілдіктен асып кету қиын шығар. Екі жаққа да қиын болды. Оқиға бұлай талқыға түседі деп ойлаған жоқпыз. Бір-бірімізді енді түсініп жатырмыз, бір-бірімізді кешірдік, қателігімізді мойындадық. Біз достастық, бір мәмілеге келдік. Мен стресске түстім, ал Жұлдыздың жұмысына теріс әсерін тигізіп жатыр екен. Бұл әңгіме осы жерде тоқтаса екен деп үміттенемін”, – деді ол.

Ал Жұлдыз Әкім Айшолпан Байтүгелден бетпе-бет кешірім сұрады.

“Достар, осындай жағдайдың болғаны үшін кешірім сұраймын. Біз бір-бірімізді түсінбей қалдық, Мен Айшолпанды уақытылы ескертпегенім дұрыс болмады, мүмкін мен зерттемей, онымен келіспей келген шығамрмын. Айшолпан көп дүние туралы білмеді, бәрі түсірілім барысында болып кетті. Реалити-шоуды қалай түсіру керегі жөнінде талқы жүріп жатыр. Оқиғадан көп сабақ алдық. Келесі реалити-шоу дұрыс түсіріледі деп үміттенемін. Менің Айшолпанға еш өкпем жоқ”, – деді ол.

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 01 Желтоқсан, 2025 14:31