“Айман-Шолпан” телехикаясының түсірілімі кезінде күтпеген жерден актрисаның киімі жыртылған
Бірнеше апта бұрын “Қазақстан” ұлттық телеарнасы “Айман-Шолпан” телехикаясын көрермен назарына ұсынған-ды. Аталған жобаның түсірілім жұмыстары мен монтажы енді ғана аяқталып, актерлер мен өзге де қызметкерлер дастархан басына жиылды. Отырыс кезінде олар бір-бірін құттықтап, журналист қауымына телехикаяның қызықты сәттері туралы айтып берді. Костюм дайындаушы маман Салтанат Бақаеваның мінезіне қайран қалғанын да жасырмады. Ол актрисаның өз сөзінде тұра білетінін, өзіне жоғары талаптар қоятындығын айтып өтті.
Бұл туралы Stan.kz басылымы хабарлайды.
“Көркем фильм” кинокомпаниясы “Айман-Шолпан” атты 100 бөлімнен тұратын телехикаяның түсірілім жұмыстарын аяқтады. Бүгін, қазанның 11-і күні олар дастархан басында бас қосып, бір-біріне жұмыстарының жемісті болуын тіледі. Мұнымен қатар, басты рөлдерді сомдаған актерлер кейіпкерлері туралы айтып берді. Рөлдерді Салтанат Бақаева, Роза Мұқатаева, Қазына Әбдірахман, Ұлан Нүсіпәлиев, Камали Байтілеуова сынды танымал актерлер сомдайды.
Айманның анасын сомдайтын актриса өнерге 15 жылдан кейін оралған. Ол осы уақыт ішінде өзіне бірде-бір ұсыныс түспегенін айтады. Тіпті, өнерге деген махаббатынан бас тартып, Астанадан сұлулық салонын ашпақ болған екен.
“Жайна – өзінің отбасы үшін жанын беруге даяр тұратын жағымды кейіпкер. Ол өзі бай отбасында еркелеп өссе де, бала-шағасын асырау үшін кез келген жұмысты істеуге даяр тұрады. Кейіпкерім көп уақыт бойы жұрттан күйеуінің көзіне шөп салып жүргені туралы естіп жүреді. Десе де, күйеуінің бұл әрекетіне көз жұмады. Елден ерінің сөзін артық көреді. Өкінішке орай, соңында қауесет расталады. Күйеуім менің байлығыма қызығып, қара басының қамын ғана ойлаған болып шығады. Мен сценарийді өзгертіп, кейіпкерім әкесінің еңбегін жалғастырса екен деп едім. Бірақ сценарийден асып кете алмаймыз”, – дейді Камали Байтілеуова.
Сценарийге өзгеріс енгізгісі келген жалғыз Камали ханым емес. Ұлан Нүсіпәлиев те қазақ әйелінің мінсіз образын сақтап қалуға тырысқан. Жайнаның күйеуімен ажырасуын, өзге еркекке барып қосылуын қаламаған. Осы мәселеге байланысты сценарийшілерге ұсыныс жасаған екен. Алайда ұсынысы нәтижесіз болған.
“Кез келген актер өзінің кейіпкері арқылы көрерменге ой салуды мақсат тұтады. Сондықтан да мен Берен арқылы бүгінгі қоғамда да екіжүзді адамдардың бар екенін айттым деп ойлаймын. Көбінесе әзіл-сықақ жанрында жұмыс істедім. “Бұл жолы халық мені қалай қабылдайды екен?” деген қорқыныштың бар екенін де жасырмаймын. Әйтпесе, актер кез келген жанрды алып шыға алады. Адам баласы үшін отбасынан артық дүние болмауы тиіс.
Біздің қазіргі трагедиямыз – отбасына деген немқұрайлылық. Әйел мен еркек бір-бірін түсінбей жатады. Жастардың азаматтық некеде тұруын да құптамаймын. Осы телехикаяда Жайнаның қазақ әйелдерінің символы болғанын қаладым. Оны күйеуімен ажырастырып, өзге еркекке қосқандарын қателік деп білемін. Осы мәселеге қатысты сценарийшілерге де ұсыныс жасаған болатынмын. Алайда олар көрерменді еліктіре түсу үшін сценарийді сол күйінде қалдырды”, – дейді Ұлан Нүсіпәлиев.
Телехикаяда Шырын есімді бойжеткеннің рөлін Қазына Әбдірахман сомдайды. “Қазақ аруы-2016” байқауының финалисі атанған бойжеткен фильмге алғаш рет түсіп отыр. Режиссерлер оны байқау кезіндегі суреттерінен көріп, арнайы кастингке шақыртқан. Алғашқы кастинг сәтсіз аяқталған. Артынша түсірілім тобы бойжеткеннің көрікті келбетіне құмартып, қайта шақыртқан. Бойжеткеннің өзі де кино саласындағы алғашқы жұмысының оңайға соқпағанын айтып жатыр.
“Менің кейіпкерім – барлығын бүлдіріп жүретін жағымсыз Шырын есімді бойжеткен. Мен шетелдік баланың өліміне қатысты құнды ақпаратты білемін. Ал айналамдағылар үшін бұл ақпарат өте маңызды. Кейіпкерімнен өткен бұзақылар мен арқылы Айман-Шолпанға қатысты ақпаратты біліп алмақ болады… Шынайы өмірде бұл кейіпкеріме мүлдем ұқсамаймын. Бір шетінен алғашқы рөлім болғандықтан, жұмыс қиынға соқты. Бұрын-соңды тәжірибем болмағандықтан, камерамен жұмыс істеп, сахна тілін меңгеруге көп уақыт жұмсадым”, – дейді Қазына Әбдірахман.
Түсірілім кезінде түрлі қызықты оқиғалар болған. Арасында кей актердің артық салмақ жинап алған кездері де кездескен. Тіпті, осы артық салмақтың салдарынан үстіндегі киімдері түсірілім кезінде жыртылған.
“Мен, ең алдымен, сценарийді оқып шығамын. Кейін режиссермен ақылдасамын. Кішігірім презентация әзірлеп, түстер типіне сәйкес жұмыс істеймін. Киім түсін актерлердің мінез-құлқымен, терілерінің түсімен сәйкестендіремін. Мысалы, Жайна бастапқыда киімге аса мән бермейтін үй шаруасындағы әйел болады. Артынша күйеуінің өзінің көзіне шөп салғанын білген соң, қатты өзгереді. Талғаммен киініп, түрлі аксессуарға құмартады. Бізге костюмдердің қымбат немесе арзан болатыны маңызды емес. Ең бастысы, таңдаған киіміміз адамның сырт-келбетімен үйлесуі керек. Телехикаяда біз тек Қаламқасқа арнап киім тіктік. Қалғандары дайын киімдер болды.
Түсірілім кезінде кей актердің жоспардан тыс артық салмақ жинап алғанын байқадық. Мысалы, Қаламқас күні бойы үздіксіз тамақ іше беретін еді. Соңғы көріністерде көйлегі жыртылып кетті. Осындай сәттерде “Қыздар, көп тамақ жей бермеңдер. Сендердің әлі сомдайтын көріністерің көп, киімдерің сыймай қалады” деп те ескерту жасаған болатынмын. Бұл мәселеге келгенде Салтанат Бақаева өте мәдениетті әрі тәртіпті адам. Берген уәдесін орындайды. Қажет болса, керекті заттарын өзімен бірге күні бойы тасып жүреді”, – дейді костюм әзірлеуші Мәдина Әмірханова.
Жобаның бас продюсері – Рустам Азаматов, сценарий авторы – Рашид Сүлейменов, Әлбина Ахметова және Светлана Петрейчук. Қоюшы-режиссерлер – Айбек Дайырбеков пен Ержан Рүстембеков.
Жіберіп алмаңыз:
“Айман-Шолпан” телехикаясында Бақаева егіз қыздардың рөлін бір өзі сомдайтын болды
Актриса Бақаева “Айман-Шолпан” телехикаясында егіздің сыңарын сомдайды
Салтанат Бақаева алаяқ бойжеткеннің құрбаны болды
Салтанат Бақаева ағасының бәріне пайдасы тиер ақылымен бөлісті