Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айқын Төлепберген жарының кім екенін, қалай танысқанын айтып берді

Елімізге танымал әнші Айқын Төлепберген С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттерімен кездесті. Бұл туралы инстаграмдағы парақшасында да жазған болатын. Тыңдармандардың арасында Stan.kz тілшісі де болып, сырымен бөліскен әншінің әңгімесін тыңдап қайтты.

3E0A5390

Кездесу еркін форматта болып, тыңдармандар сүйікті әншісіне әртүрлі тақырыптағы сұрақтар қойды. Әншіні сырттай барлығы таныса да, өнер жолына қалай келгенін біле бермейді. Сондықтан болар алғашқы сұрақ мансабына қатысты болды.

– Гитараны алғаш қолға алуыма, ән айтуыма қыздар түрткі болды (күлді). Университетте оқып жүрген кезде мейрамханаға баратын ақша жоқ. Екі бөлмелі пәтер жалдап, отырыс жасайтынбыз. Сондай отырыстардың бірінде жеті қыз, жеті ұл болдық. Асылан деген досым гитараны қолына алып, «Алтыным» деген әнді айтқан еді, қыздардың бәрі соған жабыса кетті. Келесі күні әлгі досыма барып, мені де үйретуін сұрадым. Осылайша екеуіміз бір айдың ішінде екі дауыста ән салатын болдық.

Кездесуде болған студенттердің 90%-ы қыздар болды. Олардың бірі әншінің алғашқы махаббаты туралы сұраса, енді бірі өзіне ғашық жандарға қандай кеңес беретіндігі туралы сұрады.

– Алғашқы махаббатым – қазіргі жарым. Оны 18 жасымда жолықтырдым. Мен үшінші курста, ол бірінші курста оқитын. Бір күні акт залында фортепианомен ән айтып отырсам, қыздардың барлығы жүгіріп келіп қолқа сала бастады. Арасында бір қыз маған мүлде назар аудармай отыр екен. Ол қыз қазіргі жарым еді. Екеуіміз сол жерде таныстық. 10 жыл жүріп, аяғымыздан нық тұрған соң шаңырақ көтердік. Менің жақында шығатын “Каждый день” атты жаңа бейнебаяныма түсті. Аңсар атты ұлымыз бар. Жақында қызымыз дүниеге келеді. Ал өзіме ғашық жандар маған ұқсайтын жігіт іздегені жөн болар (күлді).

1

Айқын Төлепберген Инстаграмдағы тіркелушілер саны бойынша (әншілердің ішінде) Баян Есентаевадан кейінгі орынды алады. Мұншалықты табысты болуының сырын сұрағанда:

“Бойымда әкем дарытқан жақсы қасиет бар. Мүмкін мұның барлығы қала баласы, дала баласы деп бөлмейтіндігімнің арқасы болар. Кезінде мал бағып, су тасып, қора тазалаған кездерім де болды. Мұнымен қатар, қала балаларымен де дос болдым”, – деп өзінің кез келген адаммен жақсы қарым-қатынаста болатындығын айтты. Мұнымен қатар, әріптестерінің депутаттыққа сайлануы туралы сұрағандарға барлығы да пиар үшін, халыққа ақпараттың жылдам таралуы үшін жасалып жатқанын айтты.

Сырын әйелімен де, досымен де, көшедегі таксистпен де бөлісетін әнші «Superstar.kz» жобасынан кейін автобусқа мүлде отырмаған екен. Мұны естіген тыңдармандар қатты таңқалып, арасында күлгендер де болды.

3E0A5444

Әнші наурыз айында өтетін концерті туралы да айтып берді. Айқынның айтуынша, бар мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Әзірге жақсылап жарнамалауды қолға алып жатқан сияқты. Өзге концерттерге ұқсамайтын шоу болады деп уәде берді.

Сүйікті әншісімен жүздесуге келген тыңдармандар сұрақтарына жауап алып қана қоймай, кеш соңында жанды дауыспен айтылған бірнеше әсем әннің куәсі болды.

Талқылау