"Айқай-шу шығарып, балағаттайтын әйелдер бар": Тоқаев қоғамдық орындардағы келеңсіздіктер туралы айтты
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар үшін қоғамдық орында жаға жыртысу қалыпты жағдайға айналғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Ашығын айтуымыз керек, қазір адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс”, – деді Тоқаев.
Ол мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет екенін атап өтті.
“Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз. Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын. Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек. Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы. Оны бізден ешкім тартып алмайды, оған алаңдауға еш негіз жоқ", – деді ол.

"Неге сонша нақұрыс болдыңдар": Желіде қазақтарды "құлдар" деп қорлаған әйелге шағым түсті
