Айыппұлы – 3,5 миллион теңге: Ақтөбеде жүргізуші 119 рет жол ережесін бұзған
Ақтөбелік полицейлер бір айда 119 рет жол ережесін бұзған 35 жастағы әйелді ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Шетелдік нөмірлі Lexus көлігін тізгіндеген 35 жастағы тұрғын облыс орталығының көшелерінде жылдамдықты бірнеше рет асырған. "Қорғаудың" көмегімен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оны ұстап, тамыздың ортасынан бері оның 119 заңбұзушылыққа жол бергенін анықтады. Жүргізушінің айыппұлының жалпы сомасы – 3 миллион 378 мың теңге. Қазіргі уақытта көлік арнайы тұраққа қойылды.
“Жолдардағы жауапсыз әрекет қайғылы салдарға, соның ішінде өлімге әкелуі мүмкін. Жүргізушілер өздерінің және басқалардың қауіпсіздігіне мұқият қарауы керек. Шетелдік нөмірлері бар кейбір жүргізушілер жазадан құтылып кетеміз деп ойлайды, бірақ олай емес. Біз мұндай заңбұзушыларды анықтап, жауапкершілікке тартамыз", – деп атап өтті Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе көшелерінде жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін бейнебақылау камералары орнатылған. Оның көмегімен жыл басынан бері жылдамдықты асырып айдаған 77 мыңнан астам жағдай тіркелді.