Айына 90 мың теңге: Ақтөбеліктер коммуналдық төлемнің бағасына наразылық білдірді
Ақтөбеде тұрғындар коммуналдық төлемнің шектен тыс шарықтап кеткеніне наразы. Есет батыр ықшам ауданының жұртына жылу үшін бір айға 90 мың теңгеге дейін түбіртек келген. Бұл соманы көрген халық қымбатшылықтың себебін түсіне алмады. Олар тариф құнын төмендетуді сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Ақтөбеліктерге қаңтарда жылу үшін 40 мың, енді біріне 90 мың теңге төлеу керек деп жазылған. Тұрғындар коммуналдық төлемнің бірден үш есе өсіп кеткенін айтып отыр. Олар тарифтің бұлай қымбаттауы қалтамызға салмақ түсіреді деп күйінеді.
Есет батыр ықшамауданының тұрғындары түбіртектерін алып, әкімдікке барған.
“Есігімнің кілтін берген кезде есігімнің алдында 29 мың теңге деген түбіртек тұрды. Онда жылуға қарызсыз деп жазылған. Төленген сомамды азайтқан сайын менің сомам көбейе береді”, – деді ақтөбелік Перизат Әбиева.
Бұл бес қабатты үйлер тасқыннан зардап шеккен жандарға және мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғындарға 2023 жылы берілген. Сол уақыттан бері халық жылу тарифін төлеп келеді. Бірақ ай сайын баға өзгереді дейді.
“Қазір жылу, салқын және ыстық суымыздың төлеміне үш бөлмелі пәтер үшін ай сайын 93 мың теңге шығып тұр. Біз түсінбей жатырмыз. Шаршы метріне төлегенде, ондай ақша шықпайды ғой? Үйде есептегіш тұр. Ол ақшаның төлемімен сәйкес келмейді. Бірнеше рет әкімдікке арыз жаздық, бірақ нәтиже жоқ”, – деді Ақтөбе тұрғыны Шынар Ақбалиева.
Жылуға жауапты мекеменің өкілі тұрғындар үйге қойылатын жылу есептегіш құрылғыға құжат дайындамағанын айтады. Соның кесірінен ортақ қолданыстағы жылудың ақысы қосылып кетуі мүмкін. Оның үстіне қаңтардан бастап жылудың ақысы шаршы метріне 191 теңгеден 235 теңгеге өскен дейді.
“Есептегіш қабылданбаған. Соны қабылдау үшін сертификаты немесе паспорты болуы керек. Содан кейін бізге арыз жазады да, біз қабылдаймыз. Сосын ортақ үйдің есептегіші деген бар. Жеке есептегішпен төлейді”, – деді "Aqtobe su-energy group” мекемесінің өкілі Асылан Жолдасов.
Ал шенеуніктер есептегіш құрылғыны үйді салған мердігер мекеме өз қаражатына орнату керегін айтты.